Cемей12°С
Ауа-райы
  • Абай12°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат12°С
  • Бородулиха6°С
  • Қалбатау7°С
  • Курчатов11°С
  • Көкпекті14°С
  • Үржар16°С
471.45 547.21 6.63

Абай облысында жастарға деген мүмкіндік артып келеді

Бүгін, 18:48 018.kz

Абай облысында жастардың жан-жақты дамуына жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Бүгінде өңірде 150 мыңға жуық жас тұрады. Бұл – облыс халқының төрттен бір бөлігі.

Осы бағыттағы жұмыстар аясында облыс әкімі Берік Уәли қолдауымен Курчатов қаласында жаңартылған Жастар ресурстық орталығының салтанатты ашылуы өтті.

1949 жылы салынған ғимарат былтыр толықтай күрделі жөндеуден өтіп, биыл пайдалануға берілді. Жалпы аумағы 1123,4 шаршы метрді құрайтын нысан ұзақ уақыт бойы қолданылмай келген. Қазір ол білім беру, креативті индустрия, әлеуметтік және цифрлық бағыттарды біріктіретін заманауи көпфункционалды орталыққа айналды.

Салтанатты шара барысында аймақ басшысы жастар саясаты мемлекет үшін маңызды бағыт екенін атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл ғалымдарды марапаттау рәсімінде: «Біз киелі Қазақстанды білім, ғылым, саналы ұрпақ арқылы түбегейлі жаңғыртамыз» деп атап өтті. Президент жастарға үлкен сенім артып отыр. Жастар – елдің қозғаушы күші, болашағы. Сондықтан олардың білім алып, еңбек етіп, қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасау – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Болашақта қалыптасатын ғылым қалашығы жаңа серпін мен тың идеялардың орталығына айналсын, – деді облыс әкімі.

Курчатов қалалық жастар орталығының директоры Айжан Мұсатаева орталықтың негізгі бағыттарымен таныстырды.

– Жастар ресурстық және тіл орталығында бірнеше функционалды аймақ бар. Коворкинг алаңында жастар стартап жобаларын дамытып, түрлі бастамаларын жүзеге асыра алады. Ал open space аймағы кездесулер, дәрістер мен тренингтер өткізуге арналған әмбебап алаң болады, – деді ол.

Орталықтағы ерекше аймақтардың бірі – заманауи медиа-студия. Мұнда жастар фото және видеоөндіріс, SMM, журналистика, подкаст жүргізу және контент жасауды меңгере алады. Облыс әкімі медиа-студияда болып, жастармен бірге подкастқа қатысып, олардың сұрақтарына жауап берді.

Сонымен қатар орталықта тіл үйрету кабинеттері, шығармашылық арт-лаундж, еркін пікір алмасуға арналған lounge-аймақ, VR/AR/AI цифрлық зертханасы жұмыс істейді. Мұнда жастар виртуалды және толықтырылған шынайылық, жасанды интеллект бағыттарымен танысып, тәжірибе жинақтай алады.

Жастардың психологиялық қолдауына да ерекше көңіл бөлінген. Орталықта психологиялық сергіту ойын бөлмесі мен білім, жұмысқа орналасу және мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңес беретін алаңдар қарастырылған.

Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданынан келген Қаламқас Анербекова жаңа орталықтың жастар үшін үлкен мүмкіндік екенін айтты.

– Бұл – жастардың дамуына толық жағдай жасалған заманауи кеңістік. Мұнда жаңа білім алып, тәжірибе алмасып, жобаларды жүзеге асыруға болады. Осындай орталықтар жастарға үлкен серпін береді, – деді ол.

Сондай-ақ іс-шара аясында «Мемлекеттік жастар саясаты мектебі» республикалық семинар-тренингі ұйымдастырылды. Оған еліміздің 12 өңірінен келген 30-дан астам маман қатысты.

Қостанай облысының өкілі Аян Қабдолла семинардың мазмұнды өткенін атап өтті.

– Үш күндік семинар өте пайдалы болды. Алғашқы күні шешендік өнер туралы, екінші күні жасанды интеллект тақырыбында білім алдық. Үшінші күні өңірлер атынан ағаш отырғыздық. Бұл тәжірибені алдағы жұмысымызда қолданамыз, – деді ол.

Айта кетейік, Абай облысында NEET санатындағы жастар үлесі айтарлықтай төмендеген. 2023 жылы көрсеткіш 4,4 пайыз болса, биыл 1,86 пайызға дейін азайды. Бұл бағытта жастарды маусымдық жұмыспен қамтитын «Жасыл ел» бағдарламасы мен жас мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз ететін «Абай жастары» бағдарламасының үлесі зор. Биылдың өзінде Семей қаласында 30 жас маман баспаналы болды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив