ҚР Энергетика министрі Еуропалық Одақ делегациясымен кездесті
2023 жылғы 4 мамырда ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Еуропалық Одақтың Қазақстан Республикасындағы Елшісі Кестутис Янкаускас бастаған Еуропалық Одақ делегациясымен кездесті. Тараптар энергетикалық саясат саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.
Алмасадам Сәтқалиев әлемдік нарықтың өзгермелі конъюнктурасы мен жаһандық сын-қатерлер жағдайында Қазақстанның энергетика саласының дамуы туралы айтып берді. Сондай-ақ Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге, генерациялайтын қуаттарды енгізуді және жаңартылатын энергия көздерін дамытуды қоса алғанда, электр желілерін дамытуға бағытталған стратегиясы мәселелері қозғалды.
Сондай-ақ Министр Алматы ЖЭО-ны газға көшіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабарлады, бұл да зиянды шығарындыларды азайтуға және көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге ықпал ететін болады.
Тараптар Қазақстан Республикасының Еуропалық Одақпен жаһандық энергетикалық диалог орнату саласындағы және қазіргі байланыстарды нығайтудағы стратегиялық әріптестігінің рөлінің маңыздылығын атап өтті.
Анықтама:
Еуропалық Одақпен ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мақсатында 2022 жылғы 8 қарашада Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасында жасыл сутекті өндіру саласындағы зерттеулер мен инновациялар, технологиялар мен дағдылар саласындағы ынтымақтастыққа жәрдемдесетін тұрақты шикізат, батареялар және жаңартылатын жасыл сутектің құндық тізбектері саласындағы стратегиялық әріптестік туралы өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды.