Облыстағы құрылыс нысандарының жай-күйі талқыланды
Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен жиында өңірдегі құрылыс нысандарының жай-күйі қаралды. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Сайлауғалы Байназаров баяндады.
ҚР Ұлттық экономика министрінің №86 бұйрығына сәйкес 12-23 мамыр аралығында облыстағы бюджеттік құрылыс нысандарына мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде 7 аудан мен Семей қаласындағы 100-ден астам нысан қамтылып, құрылыс жұмыстарының ұйымдастырылуы, жобалық құжаттамалардың жүргізілуі және техникалық қадағалау мәселелері зерделенді.
Қазіргі таңда облыста бірқатар әлеуметтік нысанның құрылысы жалғасуда. Оның ішінде білім, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет және әлеуметтік қамсыздандыру салаларындағы маңызды жобалар бар. Атап айтқанда, Абай ауданы Қарашоқы шатқалындағы балалар лагері, Семей қаласындағы №4 және №30 мектептерге жапсаржай құрылысы, Үржар ауданындағы коронарлық араласу орталығы, Аягөз аудандық ауруханасы жанындағы МРТ ғимараты, Курчатов қаласындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Бесқарағай ауданындағы жүзу бассейні, сондай-ақ бірқатар мәдениет үйлері мен әлеуметтік нысандардың құрылысы жүргізілуде.
Кеңес қорытындысында облыс әкімі аудан және қала әкімдеріне, салалық басқармалар мен тапсырыс беруші мекемелерге құрылыс нысандарындағы жұмыстарға бақылауды күшейтуді тапсырды. Жобалық-сметалық құжаттамалардың сақталуын, құрылыс материалдарының сапасын, техникалық және авторлық қадағалау жұмыстарының тиімді жүргізілуін қамтамасыз етуді міндеттеді.









