Қазақстан, Ресей және Беларусь кәсіподақтары Қарулы күштердегі азаматтық персоналдың еңбек құқықтарын қорғау мәселелерін талқылады
Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында «Қарулы күштер қатарындағы азаматтық персоналдың еңбек құқықтарын қорғау және әлеуметтік әріптестікті өрбіту: халықаралық тәжірибе мен заманауи көзқарас» тақырыбында халықаралық конференция өтті.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің және Кәсіподақтар федерациясының өкілдері, кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері, сондай-ақ Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасынан келген сала мамандары қатысты.
Конференция азаматтық персоналдың еңбек құқықтарын қорғау, халықаралық тәжірибе алмасу және әлеуметтік әріптестікті дамыту мәселелерін талқылауға арналған маңызды алаң болды.
Іс-шараны Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев ашып, азаматтық персоналдың әлеуметтік қорғалуы мен еңбек құқықтарын қамтамасыз ету мәселелерінің өзектілігін атап өтті.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің басқарма бастығы подполковник Арман Қалышев «Әлеуметтік серіктестік – мемлекеттік саясаттың басым бағыты» тақырыбында баяндама жасап, әлеуметтік әріптестіктің тұрақты еңбек қатынастарын қалыптастырудағы рөліне және Қазақстан Қарулы күштеріндегі азаматтық персоналға қарастырылған әлеуметтік жеңілдіктер мен кепілдіктердің маңызына тоқталды.
Сондай-ақ Қарулы күштердің және басқа да әскерлер мен әскери құралымдар кәсіподағының төрағасы Төрехан Ерденбеков «Азаматтық персонал – мемлекеттің қорғаныс жүйесінің маңызды бөлігі» тақырыбында баяндама жасап, азаматтық мамандардың әскери құрылымдар жұмысындағы маңызды үлесін атап өтті.
– Конференция барысында азаматтық персоналдың әскери құрылымдар жүйесіндегі рөлі кеңінен талқыланды. Бұл мамандардың күнделікті қызметті қамтамасыз етудегі үлесі ерекше екені атап өтілді. Қатысушылар азаматтық қызметкерлердің әлеуетін арттыру және олардың еңбегін қолдау мәселелеріне ерекше назар аударды, – деп атап өтті ол.
Халықаралық сарапшылар Ресей мен Беларусь елдеріндегі еңбек қатынастарын реттеу тәжірибесін бөлісіп, әлеуметтік диалогты дамыту, кәсіподақтардың рөлін күшейту және жұмыс берушілер мен қызметкерлер арасындағы әріптестікті нығайту мәселелерін талқылады.
Іс-шара қорытындысы бойынша азаматтық персоналдың еңбек құқықтарын қорғау жүйесін жетілдіру, әлеуметтік әріптестік институттарын нығайту және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту жөнінде ұсынымдар қабылданды.