Бесқарағай ауданында 5 ауылға ауыз су берілді
Бесқарағай ауданының Морозов орман шаруашылығы, Башкөл, Жыланды, Мостик және Кіші-Владимировка ауылдарының тұрғындары сапалы ауыз суға қол жеткізді. Бүгін облыс әкімі Берік Уәли аудандағы халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар нысандарды аралап көрді.
Аймақ басшысы алдымен Морозов орман шаруашылығындағы су беру станциясында болды. Шағын елді мекенде 254 адам тұрады. Бұл ауылда бұрын ауыз су желісі болмаған. Жоба аясында ұзындығы 8 шақырымнан астам су құбыры желісі тартылып, 106 аула орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды. Сонымен қатар көлемі 100 текше метр болатын екі резервуар орнатылды.
Облыс әкімі Башкөл ауылындағы қайта жаңғыртылған су құбыры желісін де көрді. 420 тұрғыны бар ауылдағы 1974 жылы салынған су жүйесі толық жаңартылды. Жоба аясында ұзындығы 9,781 шақырым су құбыры желісі қайта жаңғыртылып, 111 аула орталықтандырылған сумен қамтылды.
Аймақ басшысы Жыланды ауылындағы су беру станциясының жұмысымен де танысты. Ауылда 355 адам тұрады. Бұл ауылда бұрын ауыз су желісі болмаған. Жоба аясында ұзындығы 11 шақырым су құбыры желісі тартылып, 132 аула орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды.
Облыс әкімі сумен қамтамасыз ету жобаларының аудан үшін маңызы зор екенін атап өтті.









