Облыс әкімі Бесқарағай ауданына қоныс аударған отбасымен кездесті
Аймақ басшысы Берік Уәли «Қаладан – ауылға» жобасы аясында Бесқарағай ауданына қоныс аударған отбасылардың тұрмыс-тіршілігімен танысты.
Қазіргі уақытта Бесқарағай ауданына 31 отбасы, жалпы саны 161 адам қоныс аударған. Көшіп келушілерге тұрғын үйлер дайындалып, қажетті тұрмыстық жағдай жасалған. Ірі шаруа қожалықтары мен ауыл тұрғындары тарапынан отын-көмір, азық-түлік және басқа да қажетті тұрмыстық заттармен көмек көрсетілуде.
Облыс әкімі Семей қаласынан Бесқарағай ауданының Башкөл ауылына көшіп келген көпбалалы ана Жадыра Жұматаевамен жүздесті. Бес бала тәрбиелеп отырған ана жеке кәсібін бастауды, яғни, дүкен, наубайхана ашуды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта округ әкімдігі тарапынан ғимарат берілген.
Аталған отбасыға көшіп келу жол шығындары өтеліп, отын-көмір және азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, бір ірі қара мал берілді.
Қазіргі таңда Башкөл ауылына 2 отбасы, 11 адам көшіп келген. Оның 8-і – балалар. Жоба басталғалы бері облысқа 191 отбасы, яғни, 623 адам қоныс аударды.







