Қазақстанда психологиялық көмек көрсету жеке заңмен реттеледі
Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіптің төрағалығымен кеңейтілген отырыс өтіп, онда «Психологиялық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қаралды.
Құжат психологиялық қызметті жүзеге асырудың құқықтық және ұйымдастырушылық негіздерін қалыптастыруға, сондай-ақ азаматтардың психологиялық көмек алу кезіндегі құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған. Заңда психологтардың кәсіби біліктілігіне, даярлығына және біліктілігін арттыруына қойылатын талаптар, сондай-ақ көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету тетіктері айқындалған.
Отырыс барысында заңның негізгі жаңалықтарының бірі ретінде психологтың кәсіби стандарты енгізілетіні атап өтілді. Бұл стандарт мамандарды даярлауға, олардың құзыреттері мен кәсіби біліктілігіне қойылатын бірыңғай талаптарды белгілейді. Сонымен қатар психологтардың кәсіби жауапкершілігін арттыруға және психологиялық көмек көрсету кезінде құпиялылық қағидаттарын сақтауға бағытталған бірыңғай Әдеп кодексін бекіту көзделіп отыр.
Заңда ғылыми негізделген жұмыс әдістерін қолдану қарастырылған. Сонымен бірге психологтардың медициналық қызметпен айналысуына және дәрі-дәрмекпен ем тағайындауына тыйым салынады. Сондай-ақ кәсіби қызметпен айналысуға құқығы бар мамандар енгізілетін мемлекеттік психологтар тізілімін құруға ерекше назар аударылған.
Талқылау қорытындысы бойынша депутаттар заңның қабылдануы психологиялық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға, кәсіби қауымдастықтың жауапкершілігін күшейтуге және азаматтарды сапасыз қызметтерден қорғаудың қосымша кепілдіктерін қалыптастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.