Бородулиха ауданында Қазақстанның Халық әртісі Мәдениет Ешекеевті еске алу кеші өтті
Бородулиха ауылының аудандық Мәдениет үйінде Қазақстанның Халық әртісі, көрнекті мәдениет қайраткері, Бородулиха ауданының тумасы Мәдениет Ешекеевтің рухына арналған «Өнері – ел жүрегінде» атты еске алу кеші өтті.
Тағылымды шара даңқты жерлесіміздің есімін ұлықтау, оның бай шығармашылық мұрасын насихаттау және кейінгі ұрпаққа өнеге ету мақсатында ұйымдастырылды.
Кешке ауданға қарасты ауылдық округтердің шығармашылық ұжымдары, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, ардагерлер мен аудан тұрғындары қатысты. Сахна төрінде ұлттық өнер мен туған өлкенің тарихын дәріптейтін халық әндері орындалып, аспаптық шығармалар мен музыкалық композициялар көрермен назарына ұсынылды.
Шараның құрметті қонағы ретінде өнер иесінің жиені Біржан Ешекеев қатысып, әйгілі туысы жайлы естеліктерімен бөлісті. Ол көпшілік арасында Мәдениет Ешекеевтің әулеті мен ұрпақтары туралы мәліметтің аз екенін айтып, Халық әртісінің отбасы мен өмір жолына қатысты қызықты деректерді жеткізді.
Жиын барысында Мәдениет Ешекеевтің ұлттық мәдениетті дамытуға қосқан өлшеусіз үлесі, қазақ өнеріндегі ерекше орны және оның Бородулиха өңірінен шыққан мақтаныш тұлға екендігі кеңінен айтылды.
Осындай тағылымды іс-шаралар тарихи жадыны жаңғыртып, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға, сондай-ақ ел мәдениетінің өркендеуіне зор үлес қосқан тұлғаларға деген құрметті арттыруға қызмет етеді.









