Cемей29°С
Ауа-райы
  • Абай22°С
  • Аягөз21°С
  • Ақсуат20°С
  • Бородулиха20°С
  • Қалбатау19°С
  • Курчатов23°С
  • Көкпекті20°С
  • Үржар21°С
487.02 552.23 6.51

Мамандық таңдаудан қателеспеппін

Бүгін, 10:27 018.kz

Қазіргі қазақ журналистерін, әріптестерді де қазақ үшін қалам сермеп келе жатқан мылтықсыз майдан шебіндегі жауынгерлерге ұқсатамын. Мен үшін журналистика - өмір тағлымы. Қазіргі журналистика адамдарға информация беруден гөрі, олардың таным-түйсігіне ықпал етуші құралға айналды. Мен өзімнің газеттегі мақалаларымда классикалық журналистиканың нақты тәжірибелеріне сүйене отырып айтамын. Журналисттің міндеті мен парызы біреу ғана. Ол өз ауданына, аймағына, аудиториясына нақты ақпаратты жеткізу. Кез- келген кісіні журналистикаға үйрету мүмкін емес. Бұл мамандық адамның ішкі жан-дүниесінің айнасы. Газет, журнал журналистері қаламы қару болып, жүйріктігімен, еңбекқорлығымен, білімділігімен  көзге түседі. Бала кезден қолыма қалам алып, газет, журналдарға мақала, эссе, өлең  жазып жүрген  мен жүріп өткен жол. Сондықтан да амамандық таңдаудан қателеспедім деп нық сеніммен айта аламын. Ізденіс, оқу, жалықпай жұмыс істеу - бұл менің ғұмырымның мағынасы. Ондай танымдылыққа тек тыңбай еңбектенумен жетесіз.

Көп ретте  «Абай елі» газетінің бірінші бетінің жоғары тұсындағы тасқа басылғандай жазылған «Басылым 1935 жылдан бастап шығады»- деген анықтама сөзге мән бермей, көзден жылдам өткізіп аламыз.  Әйтпесе, дана жасқа келген, «қария» газеттің өткен 90 жылдық өмір жолы түсінген жанға қасиетті Абай елі, Шыңғыстау жерінің кешегі, бүгінгі жазылып қалған тарихы емес пе?

«Газеттің өзі бір күндік, сөзі мың күндік»- деп журналистер тілімен айтсақ, газеттің әр нөмірінің айтар ойы, сыры, жыры бар, уақыт өткен сайын газеттің сарғайған бетіндегі ол оқиғалар, жазылған жайттар, тұлғалар тағдыры тарихқа еніп, көне жәдігерге айналып, ұрпақ үшін ұмытылмас естелік болары сөзсіз.

Кеңестік дәуірде  шығатын аудандық «Совхоз туы» газетінің өзі аптасына үш рет шығып тұрды. Газет редакциясының өз ғимараты,  баспаханасы болды. Білімді, қабілетті, қаламы жүйрік журналистер мен  білікті басшылық құрамы газеттің уақытылы, мазмұнды көркем шығуы үшін шығармашылық ізденіспен жұмыс жасады. Газет бетінде өзекті мәселелер, қоғамның дамуына бөгет жасайтын келеңсіздіктер жайлы сын мақалалар жиі жарияланып тұрды.  Жұртшылық пен билік газетпен санасып, оның беделі мен белсенділігі күшейді.

Әрине қазір қоғам мүлде өзгеріп, заман алға басып, жаңа технология өмірге еніп, ақпарат байланыс құралдарының сапасы басқаша сипат алды.  Бүгінде халыққа әсіресе жастар қауымына интернет, электронды пошта, жетілген байланыс құралдары арқылы жан-жақтан хабар алу, оны жеткізу, тарату мүмкіндігі  жақсы дамыған. 

Алайда, қалай болса да көркем әдеби кітаптар мен газет-журнал басылымдарының құндылығын еш төмендетуге болмайды. Қоғамда оқитын орта бар, газет журналдар мен кітаптарды қолға ұстап оқудың да өзіндік құпия қызығы, адамға берер рухани ләззаты бар. 

Осы орайда, оқырман үшін 90 жылдық тарихы бар өзіміздің сүйікті газетіміздің жүріп өткен өмір кезеңін, газетке еңбегі сіңген аға ұрпақ өкілдерінің еңбек жолын насихаттау, таныстырып, айту бізге қарыз, болашақ ұрпаққа парыз.

Өткен тарихтан белгілі жайт, 1928 жылы кеңестік үкіметтің шешімімен Шыңғыстау ауданы құрылды.  Арада 7 жыл өткен соң, партия саясатына орай 1935 жылдан «Социалистік мал шаруашылығы» деген атпен аудандық газет шыға бастады. газеттің тұңғыш редакторы Ақылхан Шахатов болған және 1937 жылғы жалған айыпталғанға дейін редактор қызметін атқарған. Есіл ер Ұлы Отан соғысына аттанып,1944 жылы қаза тапқан. Шежіреде айтылғандай Ақылхан Шахатов өлең жазған, өз заманының оқыған, көзі ашық айтулы тұлғасы болған. Абай ауданының аға ұрпақ өкілдері А.Шахатовтың туған ұлы Қайырхан Ақылханов пен келіні Бағжан Шырахметованы ұлағатты ұстаз, өсіп өнген жанұя ретінде жақсы біледі. Ақылхан атаның немере, шөберелері бүгінде Семей қаласында тұрады. 

Әдетте газет тарихы сөз болғанда өзі «СМШ» деп атап кеткен басылымда ұзақ жылдар редактор болып жұмыс жасаған аяулы ақсақал Сәду Ақбергеновтің есімі мен еңбегін айтқан жөн. «СМШ» газеті 1963 жылға дейін үзіліссіз шығып тұрды.

Газет беттерінде колхоздастыру дәуірі мен ауданның жаңадан қалыптасу жолындағы тарихи оқиғалар кеңінен жарияланып, 1941-1945 жылғы Ұлы Отан соғысы жылдары елдің ерлік еңбегінің жаршысы болып, жеңіс күнін жақындатты. Соғыстан соң халық шаруашылығын қайта қалыпқа келтіру, тың иегеру тұсындағы аудан еңбекшілерінің қажырлы еңбегін насихаттап, партия саясаты мен үкімет шешімдерін орындауға белсене қатысты.  Бұл тұстарда газетте С.Ақбергеновтен басқа Саржалдан Нұғыман Теміров, Қабден Есенғарин, Қарауылдан К.Мұсажанов, Т.Сапаралин, З.Тілеуімбердин сынды аға ұрпақ өкілдері еңбек еткен.

1963 жылы ұсақ колхоздар бірігіп, ауданда совхоз өндірісі жаппай құрыла бастаған  тұста газет аты «Совхоз туы» деген жаңа атауға ие болды. Алғашқы жылдары өзгерістерге сай газет ісін ұйымдастыруда, қаржылық қолдау жасауда көп кедергілер болған. Осы тұста газетті партия саясатына орай қайта құрып, редакция жұмысын жолға қойып ұйымдастыруда сол уақытта партия қызметінен ауысып газетке 1967-1971 жылдары редактор болған Жағыппар Жүнісжановтың еңбегі мен іскерлік қабілетін айтқан жөн. Шын мәнінде газет өзінің орнын тауып, ауданда беделге бөленіп, қалыптасты.

Кейіннен Жағыпар ата  редакторлықтан аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасарлығына жоғарлап, газетке мамандығы журналист, жан-жақты талант иесі, Алматы Жоғары Партия мектебін бітірген Мейрамбек Жанболатов тағайындалды. Мейрамбек аға тұсында газет жұмысы жаңа мазмұнға ие болып, тәжірибелі, білімді журналистер топтасып, олар шығармашылық ізденіспен жұмыс жасап,  ұжым жұмысын жарқырата көрсетті.  1971-1976 жылдары өз міндетін мүлтіксіз атқарған М.Жанболатов жоғарлап, аудандық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы қызметіне ауысты. Сол тұста КазГу-ды бітіріп, біраз жылдар газетте істеп, білімі мен тәжірибесі ұшталған, әрі редактордың орынбасары болып қайнаған газет тірлігінің ортасында жүрген Манар Құрманбеков редактор болып бекітіледі.

Өз ісінің майталманы, қаламы жүйрік журналист, жастардың қамқор да талапшыл ағасы Манар Құрманбеков бұл абыройлы да, жауапты жұмысты  25 жыл, яғни ширек ғасыр атқарғанын ерекше айту керек.

Бұл жылдары «Совхоз туы» газеті облыс, аудан көлемінде биік беделге ие болса, оның редакторы М. Құрманбеков есімі құрметпен аталатын. 1970-80 жылдары газетке алғаш мақалалары мен балауса өлең жырларын, көркем жазбаларын жолдап, редакция есігін имене ашып, редакторлар  Мейраш пен Манар ағалардың  жанды қолдауын көріп, шығармашылық жолға қадам тартқан,  талай талантты жастардың тұсауын кескен «Совхоз туы» болды.  Бүгінде белгілі жазушы, сыншы, әдебиет зертеушісі, көрнекті ақын қоғам қайраткерлері атанып жүрген Т. Жұртбаев, газетте ұзақ жылдар жемісті қызмет істеген ақындар Т. Жанғалиев пен Т. Әбдікәкімов, Б. Жақыпов, Б. Сапаралы, С. Жанболат, С. Махметов, Т. Аманғазин, Б. Әбдікәрімов сынды айтулы тұлғаларды, әр жылдары «Совхоз туында» қызмет істеген марқұмдар М. Ибраев, М. Тоқтаров, Ә. Мәкеноа, М. Оспанов, М. Рақышев, К. Бәшеев, Қ. Әбдин, Т. Молдағалиев, Б. Бейсенбаев, Қ. Тайтөлеуов, М. Түңлікбаев, М. Толғанбаев сияқты аға ұрпақ өкілдерінің аудан баспасөзіне сіңірген еңбегін ұмытпау керек.

Газеттің өткен  тарихында өзіндік қолтаңбасы бар, сол кездерде  сирек кездесетін фото тілші міндетін атқарған аға ұрпақ өкілдері: Т.Сапаралин, М.Біләлов пен 25 жылдай фотоаппаратын мойнына іліп, талай жанның, талай оқиғаның куәсі болып, фотоға түсірген Сабыр Құсайыновтың газетке қосқан үлесін айтып өткен жөн болар.

Сондай-ақ, редакция баспахасында ұзақ жылдар қызмет жасап, әр газеттің шығуына қолдай еңбек істеп, газеттің ауыр қара жұмысын жеңілдеткен М.Искаков ,Төлеуғайша Әкімбекова, Ләззат Жаңабаева, Жұмагүл Жасұзақова, Гауһар Мұсажанова сынды қарапайым еңбектің ерен ерлерінің есімдерін ел білген дұрыс.

Бүгінгідей мерейтой жылы әр жылдары газетте қызмет жасап, ұмытылмас қолтаңбасы қалған, ісі мен ізі бар Ә.Сейсенбина, Қ.Торпақова, марқұм Сәуле Садуақасова сияқты қалам ұстаған қыздардың еңбектерін еске алып, ел алғысын жеткізуіміз керек.

Ауылдардан хат хабар, мақалалар жолдап отыратын Т.Аманғазин, Р.Көркембаев, Н.Тайғулина сияқты ынталы қызмет істеген жандардың, күні бүгінгіге дейін газеттен қол үзбей белсенді жазып жүрген Б.Балықбаев сынды тілші қаламгерлердің еңбектері айтарлықтай.

1991 жылы еліміз Тәуелсіздік алған жылдары, ел экономикасы мен әлеуметтік салалар да қиыншылықтар орын алғаны белгілі. Ғасырлар тоғысындағы осы өзгерістер аудандық газеттің сол кездегі жағдайына да кері әсерін тигізді. 

1997-2000 жылдары «Совхоз туы» газеті бірде жабылып, бірде шығып сол  кезде газет тізгінін ұстаған  М.Құрманбеков, Б.Бейсенбаев, М.Толғанбаев ағаларымыздың табанды еңбегімен, ел алдындағы беделімен шығып тұрды. Бірақ, ақыры газет жабылып тынды.

2000 жылдардың басында, сол кездегі аудан әкімі Қ.Төлеубеков пен аудан әкімінің орынбасары, өзі журналист Совет Махметовтың қолға алуымен газет «Шыңғыстау» деген атпен қайта шықты.

Өз елінің шынайы патриоты, жерлесіміз, ақын «Абай» журналының редакторы, марқұм Мұратбек Оспанов пен  оның зайыбы,  Абай елінің келіні Райхан Әбілмансұрованың  осы газетті  шығарудағы еңбегі ерекше болды.  Ұйымдастыру жұмысындағы бөгеттер мен қаржы қиыншылықтарына қарамастан 2000-2003 жылдары газет үзбей Семейден шығып, өз оқырмандарымен қайта қауышты. 

«Шыңғыстаудан» соң 2003-2006 жылдары газет жекешеленіп марқұм, журналист Құмар Жүністің тұсында  «Абай ауылы» деген атпен өз міндетін одан әрі жалғастырды. Бірде тоқтап, бірде шығып тоқырауға айналған газет 2006 жылы «Абай елі» деген атаумен өзгеріп, газет тізгінін қайтпас қайсар қыз, жігерлі журналист, білікті ұйымдастырушы Сәуле Зәрерқызы қолға алды.

Аудан әкімшілігімен тіл табысып, қаржы көзін тауып, халықпен араласып, аз уақытта газет жұмысын  жолға қойып, оқырманын көбейтіп, шығу сапасын өзгертіп, мазмұны мен көркемдік шешімін үйлестіруде марқұм Сәуле Зәрерқызы Нұртазинаның еңбегі мен ісін еш ұмытуға болмайды.

Иә, Абай аудандық  «Социалистік мал шаруашылығы» СМШ, «Совхоз туы», «Шыңғыстау», «Абай ауылы» газеттерінің жалғасындай болған Абай ауданының бүгінгі «Абай елі» газетінің  директор- Бас редакторы  болған марқұм Сәуле Зәрерқызы тәуелсіздік жылдарында ауданда баспасөздің қалыптасып дамуына өзіндік із қалдырған, ерен еңбегімен ерекшеленген жан еді. Аудандық газет әр жылдарда біресе «Шыңғыстау», біресе «Абай  ауылы» деген атпен шықса да, өмірі ұзақ болмай, жабылып жатқанын білеміз. Оған әр түрлі себептердің әсері болғаны да рас. Міне, осындай сәтте 2006 жылы аудандық газетті «Абай елі» деген атпен қайта шығаруға Нұртазина (Сәдуақасова) Сәуле  Зәрерқызы бел шешіп кіріскен болатын. Сөйтіп «Абай елі» 2006 жылдан бастап тұрақты шыға бастады. Басында білікті журналист кадрларды табу, үгіттеу, тәрбиелеу, басылымның шығарылым санын көбейту, бюджеттен жартылай ғана қаражаттандырылатындықтан қосымша қаржы табу, тағы да басқа көкейкесті мәселелерді бірден шешу оңай болған жоқ. Осы орайда Сәуле Зәрерқызының ұжым басшысы ретінде табандылығы, тынымсыздығы, ұйымдастыру жұмыстарындағы алымдылығы жарқырап көрінді. Аудан әкімдігі, ауыл әкімдері, мекеме басшылары, ішкі саясат бөлімі аудандық газеттің сапалы шығуына ұйытқы болды. Барлық жауапкершілік бас  редакторда болатыны белгілі.  «Бір редактор бар, басылымның құты, бір редактор бар, басылымның жұты» демекші, басылымның құты болған  марқұм Сәуле  Зәрерқызы  ұлылар мекені, Абай елінің бірден-бір  ақпарат көзі саналатын «Абай елі» газетінің оқырмандар ықыласына бөленуі жолында ересен еңбек етті. Бірбеткейлік, қайраткерлік,  алғырлық, қиын-қыстау сәтте жол таба білу, турасын айтқыштық, тынбай іздену сияқты бойындағы адами абзал қасиеттер оны көптің құрметіне бөледі. Ер азаматтар көтере алмаған жүкті ол мойнымен көтеріп, тығырықтан шықты. Аудандық басылымның облыс әкімінің марапатына ие болған шақтары да болды. Аудан басшылығы тарапынан марапатталып, жыл сайын «Журналистер күнін» кең көлемде атап өту дәстүрге айналды. Аудан газеттерінің 75 жылдығын Сәуле апайдың ұйымдастаруымен атап өткеніміз әлі есімде. Сол кісінің табандылығы арқасында жеке кабинетке  ие болдық, көлікті де алдық.  Редакцияға керекті құрал –жабдықтардың бәрін жаңадан алдырып, мықты бір мекемеге айналдырды.  Ойлап қарасам, газеттің қалыптасуына жанкештілікпен қызмет етіпті. Өкініштісі, қызығын көрмей кеткені. Тынымсыз еңбек пен кәсіпке деген адалдықтың үлгісі – Сәуле апайдың  өрелі өмірі. Ел асыға күтетін газетке  айналды. Газет бетіне жариялауға келетін мақалаларды бір електен өткізіп, өңдеп, ой қосып, одан қала берді фотосуреттердің сапалы болуына ерекше мән беретін-ді. Кәсібилігі мен асқан біліктілігі, қызметкерлерге  деген адамгершілігі олардың өмір көшіне ілесуіне  септігін тигізді. Кез келген жағдайда кісілік келбетін сақтап, тектілігін паш етіп жүретін басылымның  бас редакторы Сәуле апайдың өмірі маған  ізбасар шәкірт ретінде  үлгі болып қалмақ. Туған еліне, жеріне деген сүйіспеншілігі кейінгі буын журналистер үшін де нағыз нұсқа, нағыз формула. «Абай елі» газетінде 2006  жылы газет қайтадан құрылған кезде құрамында Сәуле Зәрерқызы бастаған төрт ақ адам, бір редактор, бір тілші, бір есепші және бір пошташы газеттің дамуына айрықша үлес қосты. Газет таратушы болып  Нұргүл апай еңбек етсе, газеттің тілшісі марқұм Рүстем Еркінұлы  2010 жылға дейін, бас  есепші Жадыра Қамбарова күні бүгінге дейін қажырлы қызмет атқарып  келеді. Мен газет құрылғаннан бастап штаттан тыс тілші болып, 2010 жылдан  бастап штаттық кестемен жауапты хатшы, тілшілік қызметке тағайындалдым. Газетте Сәуле Зәрерқызы екеуміз ғана қызмет еткен жылдар ішінде апта сайын газет шығаруға қалаға жол тартатынбыз. Ноутбук, принтерімізді арқалап, бір сөмкеге қағаздарымызды толтырып ап газет шыққанға дейін ақ тер, көк тер болып мазамыз болмайтын. Газет шыққан соң ғана  жанымыз жадырап, көңіліміз жайланып, тіпті бір сәбилі болғандағыдай күй кешетінбіз. Ол да бір өткен дәурен-ау!

1700 ден аса тұрақты оқырманы бар «Абай елі»  газеті  басында 15 күнде бір рет, айына  2 рет шығып отырса, ағымдағы жылдың ақпанынан айына 3 рет жарық көрді. Ал тамыздан бастап аудан басылымы апталық газетке айналды. Газетіміз 8, 12,  16,  24, тіпті кейде 32 беттік болып шығатын. Аудан газеті Семей қаласында орын тепкен «Байуақов ТВК- 6» ЖШС –дағы «Спектр» баспаханасы ашылғаннан бері шығып тұрды. Бүгінде газет оқырман саны 2000. 8 беттік газет Өскемен қаласындағы «Рекламный Дайджест» баспа орталығынан басылып шығады.

2013 жылдан 2016 жылға дейін  тілшілік қызмет атқарған Тоғжан Рахымбекқызы бүгінде Абай атындағы мамандандырылған мектеп –гимназия интернатында бастауыш сыныптың мұғалімі болып еңбек етуде. Редакциямызға келген қолмен жазылған мақалалаларды компьютерге теретін  Дүкенбаева  Баян  терімші болып  2010 жылдан  2023 жылға дейін абыройлы еңбек етті. Жұмыспен қамту бөлімінен уақытша мамандар тартылып отырды. Бас есепші Жадыра Қамбарова мен марқұм Ардақ Нұрланова Сәуле Зәрерқызының есеп- қисап жағынан адал көмекшілері болды. Есепші Ержан Қилыбаев, көлік жүргізушілер Ақан Беркімбаев пен Заңғар Қамбаровтың газет тасымалдау кезіндегі еңбектері ерекше болды. Газет дизайнері Қайрат Жолобаев пен Қуаныш Жолымбеттің көмектері көп тиді. 2010 жылдан бастап осы уақытқа дейін газет тартаушы болып қызмет атқарып жүрген Сайрангүл Наушабаева өз ісінің майталманы болып қалыптасты. Газеттің ішкі жұмысына Камалхан Ақмолдина еселі еңбек етті. Сәуле Зәрерқызының көзі тірісінде жұмысқа қабылданған Әйгерім Әділбаева мен Нұржан Байтөс екі- үш жылдай тілші қызметін атқарып, басқа қызметке ауысты.

Журналистік қабілетімді шыңдаған Сәуле Зәрерқызы Нұртазина 2014 жылы ауыр дерттен қайтты.  Редакцияны сегіз жыл басқарды. Сәуле Зәрерқызы өмірден өткен соң 2015 жылдан 2018 жыл аралығында газет редакторы болып Нұржан Байтусов тағайындалды. Бұл жылдары Тоғжан Қалымова мен Тоғжан Нуриденова «Жастар ісі» бағдарламасы аясында тілшілікке қабылданып, тәжірибеден өтті. Тазалықшы болған Теңлік Ағажанованың еңбегі ұмыт қалмауы тиіс. «Абай елі» газетінің кейінгі бет көркемдеушілері Самал Серікқазиева, Мақсат Рахметов, Нұрым Самажанов, Жансая Советбекова, Алтын Искакова, Алуа Берікболовалардың есімдерін мақтанышпен айтуға болады. Бұдан кейінгі жылдары газет редакторы болып зейнеткер,әдебиетші, өлкетанушы Әсет Мырзақасым аға жеті жылдай тізгінін алса, талантты ақын Бақытжан Байболовтың  газеттің дамуына, жаңаша бағыт алуына  қосқан үлесі орасан зор. Бүгінде газет редакторлығы қызметін  Акрам Жібек атқаруда. Арнайы журналистік  мамандығы болмаса да газет жұмысының қыр-сырын үйреніп,еңбек етіп жүр. Газеттің жас  тілшісі Жазира Қажықызы да мақала жазуға төселіп келеді.

«Саясатқа сықитып әр парағын,

Мақтаудан тауып жатқан мал табарын.

Бас газетке басымды ауыртпай –ақ,

«Абай елін» ақ таңдай қарсы аламын.

«Датқа» да шұқшимаймын дат сұраған,

Тырнақтың кірін аршып, топшылаған.

Көшірме көп газетті оқығанша,

«Абай елін» ашқаным жақсы маған.

«Абай елі» -өз елім, өз газетім,

Басшыға да, қосшыға да сөз беретін.

Әр бетінен халықтың үнін естіп,

Теңіздей қуанышқа тербелесің

Қайғыдан хабар алып күйінесің,

Той жасаған туысқа сүйсінесің.

«Абай елі» -біз үшін «Орда басы»,

Ой мен қырдың ортасы бірігетін!

Бір саны бір санынан тәуірленіп,

Мақаласы тұратын маңыз беріп,

«Абай елі» алда да жарқырай бер,

Абай елі айнасы тәрізденіп»,-деп ақын Төлеген Жанғалиев жыр арнаған бір кездегі «Абай елі» газеті бүгінде өсу, өрлеу сатысында.

Аудандық газетте қызмет еткеніме 20 жыл болыпты. Бір парақ ақ қағаз бен  жалғыз қаламмен ашылған редакцияны жанкештілікпен жандандырып, редакцияға, журналистке не қажеттінің бәрін алдырып, үлкен бір шығармашылық ортаға айналдырған Сәуле Зәрерқызының салып кеткен сара жолын жалғастыру - менің шәкірттік парызым.  Осы жылдарда жеткен жетістіктерімнің барлығы кәсіби журналист ретінде еңбек еткендігімнің арқасында деп білемін. Туған еліміздің  туын биіктетуге елеулі үлес  қосып, тындырымды істерімен танылған  аудандық «Абай елі» газетінің ғұмыры ұзақ болғай! Редакциядағы  әріптестерімнің алар асулары мол болсын, Біздің «Abai elı»  газеті аудан айнасы болып,  жүректері Абай деп соққан әр ұрпақтың үні болғай, әрбір үйдің төрінде тұрсын!                                                                                                                               

Анар СӘРСЕНБИНА,  

«Abai elı» газетінің жауапты хатшысы, журналист 

ҚР Журналистер одағының мүшесі

«Ақпарат саласының үздігі»

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив