Абай облысында атты полиция қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп жүр
Абай облысында атты полиция қызметкерлері күн сайын қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін патрульдік қызметке шығады. Арнайы дайындықтан өткен жылқылар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көмектесіп, тәртіп сақшыларының сенімді серігіне айналған.
Семей қаласы полициясының патрульдік полиция батальонының кавалерия бөлімшесі Ертіс жағалауы, арал аумағы мен басқа да халық көп жиналатын орындарда патрульдік қызмет атқарады. Атты полицейлер тұрғындарға көмек көрсетіп, профилактикалық жұмыстар жүргізеді және түрлі оқиғаларға жедел әрекет етеді. Сондай-ақ көлік өте алмайтын аумақтарды бақылап, жаз мезгілінде өңірде өтетін бәйге және басқа да бұқаралық іс-шараларда қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді.
Қызмет барысында полицейлердің қырағылығы талай жағдайда маңызды рөл атқарады. Мәселен, полицияның аға сержанты Аманғали Қаскенов Ертіс өзеніне ағып бара жатқан баланы байқап, жедел көмек көрсетудің арқасында оның өмірін сақтап қалған.
2003 жылы Семейде құрылған еліміздегі алғашқы кавалериялық взводтың дәстүрі бүгінде жалғасын тауып, атты полиция қызметкерлері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында тиімді қызмет атқаруда.