Cемей28°С
Ауа-райы
  • Абай22°С
  • Аягөз21°С
  • Ақсуат20°С
  • Бородулиха20°С
  • Қалбатау19°С
  • Курчатов23°С
  • Көкпекті20°С
  • Үржар21°С
471.04 538.54 6.17

Абай облысын дамыту – ортақ міндет

Бүгін, 17:52 Думан Кенжеғазыұлы

Облыстық Қоғамдық кеңестің отырысында қатысушылар өңірдің негізгі экономикалық көрсеткіштеріндегі оң серпінді атап өтіп, алдағы кезеңге арналған басым міндеттерді айқындады. Үш сағатқа созылған жиында қоғам өкілдері мен билік арасында ашық диалог өрбіп, тараптар пікір алмасып, өз ұсыныстарын ортаға салды.

Кеңес отырысында облыс әкімдігінің өкілдері, салалық басқармалар басшылары және кеңес мүшелері өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, инвестициялық жобаларды іске асыру және өзекті мәселелерді шешу жолындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады. Жиында инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және өңірдің экономикалық әлеуетін нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Абай облысы әкімінің орынбасары Мейірлан Раханов өңірдегі қордаланған мәселелерді тек бірлескен жұмыс пен өзара түсіністік арқылы шешуге болатынын атап өтті.

– Баршаңызды өңіріміздің дамуына арналған диалог алаңында көргеніме қуаныштымын. Қазіргі таңда Мемлекет басшысының бастамаларын облыс әкімі Берік Уәлидің жетекшілігімен жүйелі түрде орындап, бірқатар бастамалар мен іс-шараларды жүзеге асырып келеміз. Бүгін диалог форматында ортақ шешімді қажет ететін өзекті мәселелерді талқылаймыз, – деді Мейірлан Раханов.

Абай облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Роза Құдайбергенқызы өңірдегі көптеген салалар тұрақты өсім көрсетіп, жоспарлы түрде дамып келе жатқанын айтты. Оның айтуынша, облыс экономикасының негізгі қозғаушы күші ретінде инвестициялық белсенділік сақталып отыр.

– Өткен жылы жалпы өңірлік өнім көлемі 3,9 трлн теңгеге жетті. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 1,5 трлн теңгеге артық. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23,5 пайызға өсіп, 150,5 млрд теңгені құрады. Салалар бойынша алғанда өнер, ойын-сауық және демалыс саласына тартылған инвестициялар 5 есеге, сумен жабдықтау саласында 3 есеге, көлік және байланыс саласында 2 есеге артты, – деді Роза Құдайбергенқызы.

Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айбек Рахымбеков инвестициялық жобалардың өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, бірнеше мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретінін айтты.

– Қазіргі уақытта облыстың инвестициялық пулына жалпы құны 4,4 трлн теңгені құрайтын 112 инвестициялық жоба енгізілген. 2025 жылдың қорытындысы бойынша жалпы құны 33,1 млрд теңге болатын 15 инвестициялық жоба іске асырылып, 525 жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл жалпы құны 131,2 млрд теңгені құрайтын 41 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл жобалар өңірдің өндірістік әлеуетін нығайтуға, 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға және өңдеуші өнеркәсіптің үлесін арттыруға бағытталған, – деді Айбек Рахымбеков.

Қоғамдық кеңес отырысында «Абайға құрмет» акциясының жүзеге асырылуына да ерекше назар аударылды. Қазіргі уақытта өңірде 22 жоба іске асырылуда. Оның ішінде 12 жоба облыстардың қатысуымен, 7 жоба ірі инвесторлардың қолдауымен жүзеге асырылса, тағы 3 жобаға Үкімет қолдау көрсетіп отыр.

Биылғы жылдың тамыз айында Солтүстік Қазақстан облысының қолдауымен салынып жатқан Мемлекеттік рәміздер алаңының құрылысы аяқталады деп жоспарланған. Сонымен қатар бекітілген жоспарға сәйкес Шымкент қаласы жүзеге асырып жатқан Шығармашылық орталықтың құрылысы жалғасуда. Сондай-ақ, оңтүстік мегаполис Семей қаласындағы Водный кентіне Мәдениет сарайын тарту етпек. Бұдан бөлек, Маңғыстау облысының сыйы - Достық үйінің құрылысы жалғасып, 1500 орындық мектептің құрылысына дайындық жұмыстары басталды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысының әкімі Берік Уәлиді қабылдау барысында «Абайға құрмет» акциясының маңыздылығына ерекше тоқталып, оны жоғары деңгейде өткізуді тапсырған болатын.

Жиында өңірдің танымал туристік аймағы – Алакөл көлінің жағалауындағы инфрақұрылымды дамыту және қауіпсіздік деңгейін арттыру мәселелері де қаралды. Абай облысының цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Абзал Серікұлының айтуынша, көл жағалауы құқықбұзушылықтарды тіркейтін бейнебақылау камераларымен толық жабдықталған. Камералар тәулік бойы нақты уақыт режимінде жұмыс істейді.

– Биыл Алакөл жағалауында жасанды интеллект технологиясымен жабдықталған 224 заманауи бейнебақылау камерасы орнатылды. Барлық құрылғылар толық пайдалануға берілді. Жүйе қоғамдық тәртіпті тәулік бойы бақылап, адамдардың шамадан тыс шоғырлануын, құқықбұзушылықтарды және ықтимал қауіпті жағдайларды автоматты түрде анықтайды. Сонымен қатар жағалау мен су айдынында интеллектуалды дауыс зорайтқыштар жұмыс істеп, демалушыларға қауіпсіздік ережелері мен қоршаған ортаны қорғау қажеттілігі жөнінде тұрақты түрде ескерту жасап отырады, – деді басқарма басшысы.

Мейірлан Раханов соңғы төрт жылда Абай облысында қол жеткізілген нәтижелер өңірдің экономикалық әлеуетін одан әрі нығайтып, оң даму қарқынын жалғастыруға негіз болатынын айтты.

– Бәріміздің ортақ мақсатымыз – облыстың жүйелі дамуын қамтамасыз ету. Сондықтан нәтижеге тек бірлескен еңбек арқылы ғана қол жеткізе аламыз. Жаз – өте қысқа кезең. Осы уақыт ішінде көптеген маңызды мәселелерді шешіп үлгеруіміз қажет. Баршаңызды ортақ іске жұмылып жұмыс істеуге шақырамын. Абай облысының құрылғанына төрт жыл болды. Осы уақыт ішінде белгілі бір жетістіктерге қол жеткіздік әрі болашаққа сеніммен қараймыз. Ұзақ жылдар бойы өңірге тиісті деңгейде көңіл бөлінген жоқ. Енді Абай облысының өркендеу дәуірі басталды. Сондықтан біз бір-бірімізді қолдап, өңіріміздің әлеуетін бірге нығайтамыз, – деп түйіндеді Мейірлан Раханов.

Жиын барысында Қоғамдық кеңес мүшелері пікір алмасып, өңірдің өзекті мәселелерін шешуге бағытталған бірқатар ұсыныстарды уәкілетті мемлекеттік органдар қарауына енгізді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив