Еңбек министрлігі мен «Ардагерлер ұйымы» ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Орталық кеңесінің төрағасы Әбілғазы Құсайыновпен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар аға буын өкілдерінің әлеуметтік қорғау жүйесін одан әрі дамытуға бағытталған екіжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Құжаттың негізгі мақсаты – қарт адамдардың өмір сүру сапасын арттыруға және оларды әлеуметтік қолдау тетіктерін жетілдіруге бағытталған іс-шараларды бірлесіп жүзеге асыру үшін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің күш-жігерін біріктіру.
Меморандум аясында егде жастағы азаматтардың қоғамдық өмірге белсенді қатысуына жағдай жасау, сондай-ақ оларға лайықты қамқорлық пен қолдау көрсету көзделген.
Ынтымақтастық шеңберінде тараптар өз құзыреті аясында жергілікті атқарушы органдарға ұсынымдар әзірлейді, бірлескен іс-шараларды ұйымдастыруға ықпал етеді, сондай-ақ, әсіресе ауылдық жерлерде тұратын қарт азаматтар үшін әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру бағытында бірлескен жұмыстар жүргізеді.
Кездесу нәтижесінде аға буын өкілдеріне лайықты құрмет көрсетіп, олардың әл-ауқатына тұрақты қолдау білдіру қоғамның маңызды міндеттерінің бірі екені айтылды. Қарттарға құрмет көрсету және ұрпақтар сабақтастығын нығайту – қазақстандық қоғамның дәстүрлі құндылықтарының бірі болып қала береді.