Биыл Абай облысында Халықаралық волонтерлер жылы аясындағы іс-шараларға 20 мыңнан астам адам қатысты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жарияланған Халықаралық волонтерлер жылы аясында Абай облысында волонтерлер қозғалысын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып жатыр.
Бүгінде өңірдегі 43 волонтерлік ұйым мен бастамашыл топтың құрамында 5 744 ерікті бар. Жыл басынан бері волонтерлердің қатысуымен 350-ге жуық қоғамдық маңызы бар іс-шара өткізіліп, оған 20 мыңнан астам адам қатысты.
Өңірде салалық волонтерлікті дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Биыл 50 әлеуметтік іс-шара, 158 экологиялық акция және қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға әрі төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған 36 профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды.
Медициналық волонтерлік те қарқынды дамып келеді. «Қазақстан медицина жастары» ұйымының өңірлік филиалымен бірлесіп «Мен – донормын!» және «QazMed Donor Days» жобалары қолға алынған. Акцияларға 100-ден астам волонтер қатысса, облыстағы 30-дан астам білім беру ұйымының 750-ден астам оқушысы алғашқы медициналық көмек көрсету дағдысын меңгерді.
Экологиялық бағыттағы волонтерлік бастамалар да өңірде кеңінен қолдау тауып отыр. Бұл бағытта 54 экологиялық акция ұйымдастырылып, оның бірқатары «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында өтті.
Волонтерлер білім беру, мәдениет және денсаулық сақтау салаларындағы қоғамдық бастамаларға да өз үлесін қосып жүр.
Волонтерлердің кәсіби даярлығын жетілдіру мақсатында бірқатар іс-шаралар өткізілді. Халықаралық волонтерлер жылы аясында Ұлттық волонтерлік желі өкілдері облыстағы 37 волонтерлік ұйым мүшелеріне арналған оқыту бағдарламасын ұйымдастырды. Бұдан бөлек, өңірлік фронт-офис базасында 16 семинар мен тренинг өтті.




