Cемей27°С
Ауа-райы
  • Абай22°С
  • Аягөз21°С
  • Ақсуат20°С
  • Бородулиха20°С
  • Қалбатау19°С
  • Курчатов23°С
  • Көкпекті20°С
  • Үржар21°С
464.71 531.26 6.05

Мемлекет басшысы АҚШ Президентімен телефон арқылы сөйлесті

10-07-2026, 19:30 Думан Кенжеғазыұлы

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Америка Құрама Штаттарының Президенті Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлесті.

Мемлекет басшысы Америка көшбасшысын АҚШ тәуелсіздігінің 250 жылдығымен құттықтап, тарих үшін қас-қағым сәт саналатын үш ұрпақтың ғұмырына барабар кезеңде бұл елдің қуатты жаһандық державаға айналғанына назар аударды.

Президент АҚШ әкімшілігінің ақыл-парасатқа арқа сүйеген ішкі саяси бағдары елімізде іске асырылып жатқан «Заң мен тәртіп» қағидаты негізінде Әділетті Қазақстан құру стратегиясымен үндесетінін, сондықтан Дональд Трамп жүргізіп отырған саясатты қолдайтынын айтты.

Әңгімелесу барысында тараптар екіжақты экономикалық ынтымақтастық және саяси ықпалдастық мәселелері жөнінде пікір алмасты.

Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр қараша айында Вашингтонға жасаған сапары барысында қол жеткізілген маңызды келісімдер жоғары қарқынмен жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

Мемлекет басшысы Қазақстанның ядролық қаруды және байытылған уранды таратпауға қатысты ұстанымынан айнымайтынын растады. Сондай-ақ халықаралық бақылау режимін нығайту мақсатында МАГАТЭ-мен арадағы ынтымақтастықтың маңызына тоқталды.

Бұдан бөлек, жақында Ақордада сенатор Стив Дэйнспен, АҚШ Президентінің арнаулы өкілі Серджио Гормен және Ақ үйдің басқа да жоғары лауазымды тұлғаларымен, америкалық іскерлік топ өкілдерімен болған кездесулер мен келіссөздерге оң баға берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трампты өзіне қолайлы уақытта Қазақстанға сапармен келуге шақырды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив