Цифрлық технологиялар жақындай түсуде: Семейде тұрғындарға арналған тегін сабақтар өткізілуде
Абай облысы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ филиалы Семей қаласындағы №2 ХҚКО-да тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыруға арналған тегін сабақтар жалғасып жатқанын хабарлайды. Оқыту жұмыстары Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында ұйымдастырылып, мемлекеттік қызметтердің әрбір азамат үшін қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Биылғы жылдың наурыз айынан бері оқудан 100-ден астам адам өтті, олардың басым бөлігін егде жастағы азаматтар құрайды.
Сабақ барысында ХҚКО мамандары қатысушыларға электрондық үкімет порталы мен мемлекеттік қызметтерді онлайн алу үшін қолданылатын мобильді қосымшалардың мүмкіндіктерін жан-жақты таныстырып, сондай-ақ өзге де сұранысқа ие цифрлық сервистерді өз бетінше пайдалануды үйретеді.
Тұрғындар цифрлық сервистерді пайдалану бойынша жаңа білім мен тәжірибелік дағдыларды әр сәрсенбі және жұма күндері сағат 15:00-ден 17:00-ге дейін Семей қаласындағы №2 ХҚКО-да (мекенжайы: Б. Момышұлы көшесі, 22) тегін ала алады.