«Адал азамат – Әділетті Қазақстанның тірегі»: конституциялық құндылықтар және мемлекеттік қызметтің жаңа идеологиясы
Бүгінгі Қазақстан жаңа тарихи кезеңге қадам басты. Бұл өзгерістердің өзегінде Конституция ғана емес, қоғамның санасын жаңғыртуға бағытталған жаңа құндылықтар жүйесі жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады». Бұл – жай ғана ұран емес, ел дамуының жаңа идеологиялық бағдары.
Жаңартылған Конституция Қазақстанның құқықтық мемлекет ретіндегі бағытын жаңа мазмұнмен толықтырды. Оның басты мақсаты – мемлекеттік институттарды жетілдірумен қатар, заң үстемдігіне негізделген қоғамдық мәдениетті қалыптастыру.
Конституцияның 1-бабында Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыратыны, ал адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең қымбат қазынасы екені айқын белгіленген. Бұл қағидат мемлекеттік қызметтің де басты бағдары болуы тиіс.
Заң үстемдігі – өркениетті қоғамның басты өлшемі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияның 30 жылдығына арналған халықаралық конференцияда: «Заңға бағыну мен тәртіп қоғамның күнделікті өмір салтына айналуы керек», – деп атап өтті.
Бұл ұстаным мемлекеттік аппараттың ғана емес, бүкіл қоғамның қызмет қағидатына айналуға тиіс.
Конституцияның 4-бабына сәйкес мемлекеттік билік Конституция мен заңдар негізінде жүзеге асырылады. Ал 34-бапта әрбір азаматтың Конституцияны және заңдарды сақтауға міндетті екені көрсетілген.
Алайда заңды білу жеткіліксіз. Оны құрметтеу және күнделікті өмірде басшылыққа алу – құқықтық мемлекеттің негізгі белгісі. Сондықтан Мемлекет басшысы ұсынған «Заң және тәртіп» қағидаты құқық қорғау органдарының ғана емес, барлық мемлекеттік органдардың қызмет философиясына айналып келеді.
Бұл қағидат үш негізгі құндылықты орнықтыруға бағытталған:
- заң алдындағы теңдік;
- жауапкершіліктің бұлтартпауы;
- азаматтардың мемлекетке деген сенімін нығайту.
Мемлекеттік қызмет – халыққа қызмет етудің жоғары мәдениеті
Қазіргі таңда мемлекеттік қызмет тек әкімшілік функцияларды орындаумен шектелмейді. Ол – қоғамға адал қызмет ету мәдениеті.
Әрбір мемлекеттік қызметші қабылдайтын шешімінде Конституцияның рухын басшылыққа алуы қажет. Өйткені азамат үшін мемлекет ең алдымен заң мәтіні арқылы емес, мемлекеттік қызметшінің күнделікті іс-әрекеті арқылы танылады.
Заң талаптарын бұлжытпай орындап, азаматқа құрметпен қарап, әділ шешім қабылдайтын мемлекеттік қызметші қоғамның мемлекетке деген сенімін нығайтады. Ал керісінше жағдайда Конституцияда бекітілген қағидаттар өмірде толық жүзеге аспай қалуы мүмкін.
Сондықтан кәсібилік, жауапкершілік және адалдық мемлекеттік қызметтің ажырамас қағидаттарына айналуы тиіс.
«Адал азамат» – жаңа қоғамдық құндылық
Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты отырысында Мемлекет басшысы:
«Елімізде жаңа қоғамдық этика қалыптасуы керек. Онда елдің бірлігі, әділдік, заң мен тәртіп, сенім және жауапкершілік үстем болуы қажет. Осындай ізгі қасиеттердің бәрін бойына сіңірген жанды Адал азамат деп айтуға болады», – деген болатын.
Бұл тұжырым мемлекеттік қызметтің де жаңа сапалық моделін айқындайды.
«Адал азамат» – заңды бұзбайтын адам ғана емес. Ол – қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінетін, мемлекет мүддесін жеке басының пайдасынан жоғары қоятын, адал еңбек етіп, кәсіби әрі әділ шешім қабылдайтын тұлға.
Осындай азаматтар көбейген сайын құқықтық мәдениет те, қоғамдық сенім де нығая түседі.
«Таза Қазақстан» – жауапты қоғамның көрінісі
Соңғы жылдары жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» бастамасы көбіне сенбіліктермен ғана байланыстырылып жатады. Алайда оның мазмұны әлдеқайда ауқымды.
Тазалық – тек қоршаған ортаны күтіп ұстау емес. Ол – таза сана, ашық басқару, мемлекеттік қаражатқа ұқыпты қарау, жемқорлыққа мүлдем төзбеу және азаматтарға сапалы қызмет көрсету мәдениеті.
Конституцияда мемлекеттің негізгі қызмет қағидаттарының бірі ретінде жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру міндеті белгіленген. Бұл табиғатты қорғаумен қатар қоғамдық жауапкершілік мәдениетін нығайтуды да көздейді.
Сондықтан «Таза Қазақстан» – ең алдымен таза ой, таза ниет және таза басқару қағидаты.
Конституция – қоғамдық келісімнің негізі
Конституция мемлекет пен азаматтың өзара жауапкершілігін айқындайды. Ал осы қағидаттарды күнделікті өмірде жүзеге асыратын негізгі күш – мемлекеттік қызмет.
Заң үстемдігі сот залында ғана емес, халыққа қызмет көрсету орталығында, әкімдіктерде, мемлекеттік сатып алу жүйесінде, білім беру ұйымдарында, денсаулық сақтау мекемелерінде және барлық мемлекеттік органдардың қызметінде нақты көрініс табуы қажет.
Президенттің «Заң және тәртіп» қағидаты, «Адал азамат» тұжырымдамасы және «Таза Қазақстан» бастамасы – өзара сабақтас бастамалар. Олардың ортақ мақсаты – құқықтық мемлекет қалыптастыру, қоғамдағы сенімді нығайту және жауапты азаматтық мәдениетті орнықтыру.
Бүгінгі мемлекеттік қызметші – заң талаптарын орындаушы ғана емес, Конституцияда бекітілген құндылықтардың күнделікті өмірдегі жаршысы.
Өйткені Конституцияның күші оның баптарында ғана емес, сол қағидаттарды адал ұстанатын азаматтардың іс-әрекетінде.
А. Сабалакова,
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы
Мемлекеттік басқару академиясының Абай облысы бойынша
филиалының директоры