Цифрлық технологиялар мұнай өнімдерін өткізуді жедел әрі ашық етеді
Энергетика министрлігінің саланы цифрлық трансформациялау жөніндегі жұмысы және Цифрландыру жылы аясындағы міндеттерді іске асыру шеңберінде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мұнай өнімдерін өткізу саласында заманауи цифрлық шешімдерді енгізуді жалғастыруда.
Негізгі құралдардың бірі ретінде Келісімшарттық құжат айналымы жүйесі (КҚАЖ) енгізіліп, сатып алушылармен өзара іс-қимылдың негізгі үдерістерін электрондық форматқа көшіруге мүмкіндік берді.
Бүгінде КҚАЖ арқылы компаниялар мұнай өнімдерін сатып алуға өтінім бере алады, электрондық цифрлық қолтаңба арқылы келісімшарттарға қол қояды, жанармай алуға қажетті құжаттарды рәсімдейді және барлық операциялардың тарихын бірыңғай жүйеде қадағалайды. Бұл мәмілелерді рәсімдеу мерзімін едәуір қысқартып, қағаз құжат айналымының көлемін барынша азайтуға мүмкіндік берді.
Жүйе іске қосылғалы бері 6 млн тоннадан астам мұнай өнімін жеткізуге арналған 9 мыңнан астам электрондық келісімшарт жасалды.
Қазіргі уақытта цифрлық трансформацияның келесі кезеңі – мұнай өнімдерін цифрлық бөлу тетігін енгізу жүзеге асырылуда. Жаңа тәсіл автожанармай құю станциялары және басқа да өткізу арналары арқылы жанармайдың нақты сатылуы туралы объективті деректер негізінде шешім қабылдауды көздейді.
Осы мақсатта КҚАЖ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелерімен интеграциялануда. Бұл ресурстарды бөлу үдерісінің барынша ашықтығын қамтамасыз етуге, жеткізілімдерді басқару тиімділігін арттыруға және субъективті факторлардың ықпалын болдырмауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жүйеде салықтық құпияны құрайтын мәліметтерді ұсынуға келісімді электрондық түрде қол қою мүмкіндігі іске асырылды. Бұл контрагенттерге салық заңнамасының талаптарына сәйкес қажетті ақпаратты толықтай қашықтан ұсынуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар КҚАЖ еліміздің ірі мұнай өңдеу зауыттарында – Атырау, Павлодар және Шымкент мұнай өңдеу зауыттарында енгізілуде. Қазіргі уақытта кәсіпорындар мұнай өңдеуге өтінімдерді электрондық форматта беріп жатыр, ал келесі кезеңде мұнай өңдеуге арналған келісімшарттарды толықтай цифрлық форматта жасауға көшу жоспарланған.
Цифрлық шешімдерді енгізу мұнай-газ саласы кәсіпорындарының жұмыс тиімділігін арттыруға, ресурстарды бөлудің ашық тетіктерін дамытуға және Қазақстанның заманауи цифрлық энергетикасын қалыптастыру жөніндегі Энергетика министрлігінің стратегиялық мақсаттарына қол жеткізуге ықпал етеді.