Абай облысында аптап ыстыққа байланысты жедел жәрдем шақыру саны артты
Абай облысында шілде айының алғашқы екі аптасында аптап ыстықтың әсерінен жедел медициналық жәрдем қызметіне түсетін шақыртулар саны көбейді.
Осы кезеңде облыстық 103 жедел жәрдем қызметінің диспетчерлік пультіне 12 091 шақырту келіп түсті. Оның ішінде 1 209 шақырту артериялық қан қысымының жоғарылауына, ал 603 шақырту жүрек-қан тамырлары ауруларына байланысты тіркелген.
Жоғары ауа температурасы адам денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіріп, түрлі аурулардың асқынуына себеп болуы мүмкін. Есепті кезеңде күн өтуінің 3 жағдайы тіркелді. Бұл – дене қызуының 40°C-тан жоғары көтеріліп, адамның өміріне қауіп төндіретін ауыр жағдай. Оның негізгі белгілері – сананың шатасуы, есінен тану және құрысу.
Қатты терлеудің салдарынан ағза су мен электролиттерді көп жоғалтады. Соның салдарынан сусыздану орын алып, қатты шөлдеу, ауыздың кебуі, бас ауруы, әлсіздік, бас айналу және зәрдің азаюы сияқты белгілер байқалады.
Сондай-ақ ыстық күндері жедел ішек инфекцияларына шалдығу қаупі де артады. Осыған байланысты жедел жәрдем қызметіне 207 шақырту түскен.
Аптап ыстық жүрек-қан тамырлары жүйесіне түсетін жүктемені күшейтіп, жүрек-қан тамырлары, өкпе және бүйрек сияқты созылмалы аурулардың асқынуына себеп болуы мүмкін.
Қауіп тобына мыналар жатады:
- қарт адамдар;
- нәрестелер мен жас балалар;
- жүкті әйелдер;
- созылмалы аурулары бар азаматтар;
- ашық аспан астында жұмыс істейтін немесе дене еңбегімен айналысатын адамдар.
Осыған байланысты Абай облысының тұрғындарына жеткілікті мөлшерде су ішіп, күннің ең ыстық уақытында ашық күн астында ұзақ жүрмеу, табиғи матадан тігілген жеңіл киім мен бас киім кию, сондай-ақ өз денсаулығы мен жақындарының жағдайына мұқият назар аудару ұсынылады.