ІІМ жоғары оқу орындарына қабылдау толықтай цифрлық форматқа көшті: 15 шілдеден бастап дене дайындығы нормативтерін тапсыру кезеңі басталады
ІІМ ведомстволық жоғары оқу орындарына қабылдау науқаны "Qyzmet-Police.kz" ақпараттық жүйесі арқылы жаңа цифрлық форматта жалғасуда. 15 шілдеден бастап талапкерлер тұрғылықты жері бойынша аумақтық полиция департаменттерінде дене шынықтыру дайындығы бойынша нормативтерді тапсыруға кіріседі. Барлық сынақтар бейнежазбаға түсіріліп, тікелей эфирде көрсетіледі. Сонымен қатар ата-аналар сынақ барысын жеке қатысып бақылай алады. Бұл конкурстық іріктеудің барынша ашық әрі әділ өтуін қамтамасыз етуге бағытталған.
- Құрметті ата-аналар мен талапкерлер! Ішкі істер министрлігінің ведомстволық жоғары оқу орындарына қабылдау науқаны қызу жүріп жатыр. Биылғы қабылдау науқанының басты ерекшелігі - оның алғаш рет толығымен цифрлық форматта "Qyzmet-Police.kz" ақпараттық жүйесі арқылы өткізілуі. Біздің негізгі міндетіміз - конкурстың барынша ашық әрі баршаға түсінікті өтуін қамтамасыз ету.
Бірінші кезең сәтті аяқталды. Кандидаттар құжаттарын жүйе арқылы тапсырды, әскери-дәрігерлік комиссияның нәтижелері де осы жүйеде көрсетілді. Соның арқасында қағаз түріндегі жеке істер, түрлі мекемелерге бару айтарлықтай азайды.
15 шілдеден бастап келесі кезең - дене шынықтыру даярлығы бойынша нормативтерді тапсыру басталады. Нормативтер жоғары оқу орындарында емес, кандидаттардың тұрғылықты жері бойынша аумақтық полиция департаменттерінде қабылданады. Бұл ең алдымен талапкерлер мен олардың ата-аналарына қолайлы болу үшін жасалып отыр.
Ең бастысы бүкіл процесс барынша ашық өтеді. Әрбір нормативтің орындалуы бейнежазбаға түсіріліп, тікелей эфир ұйымдастырылады. Сондай-ақ ата-аналар сынақтар өткізілетін жерде болып, олардың өту барысын өз көздерімен бақылай алады. Біз әр адамның конкурстың әділ әрі объективті өтіп жатқанына көз жеткізгенін қалаймыз.
Нормативтер аяқталғаннан кейін әр кандидаттың материалдары тиісті жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясына жіберіледі. Комиссия ҰБТ нәтижелерін қарайды, жеңілдіктердің негізділігін тексереді, құжаттарды зерделейді және конкурстық көрсеткіштер негізінде ғана шешім қабылдайды.
Қажет болған жағдайда кандидат бейнебайланыс арқылы әңгімелесуге шақырылуы мүмкін. Әңгімелесу міндетті түрде жазылады. Бұл - ашықтық пен объективтілікті қамтамасыз ететін тағы бір қосымша кепілдік.
Биыл бөлінген 1250 орынға төрт мыңға жуық талапкер үміткер болып отыр.
Сөз соңында ата-аналарға арнайы үндеу жасағым келеді. Сыйақы үшін оқуға түсуге көмектесемін, процесті жеделдетемін немесе қандай да бір мәселені шешіп беремін деген адамдарға сенбеңіздер. Өз уақыттарыңыз бен қаражаттарыңызды сақтаңыздар!
Бүгінде барлық негізгі шешімдер цифрлық жүйеде қабылданады, әрбір кезең тіркеледі. Балаларыңыз бұл ақпаратты жеке кабинеттерінен көре алады, ал қабылдау науқанына қатысушылардың әрекеттері тексеріледі.
Ішкі істер министрлігі барлық талапкерлерге сәттілік тілейді және білімдеріңіз, табандылықтарыңыз оқуға сәтті түсуге негіз болады деп сенеді! - деді ІІМ жеке құраммен жұмыс жөніндегі департаментінің басқарма бастығы Сенбек Иманғали.