Құрлық әскерлерінде заманауи жауынгерлік тапсырмаларды орындау үшін мотоцикл басқаруды меңгеруде
Қарулы күштерде бөлімшелерді даярлауды жетілдіру шаралары үздіксіз жалғасуда. Гвардейск гарнизонының Оқу орталығы базасында Құрлық әскерлерінің жеке құрамы заманауи жағдайдағы ұтқырлық пен іс-қимыл тиімділігін арттыруға бағытталған мотоцикл басқару курсынан өтіп жатыр.
Арнайы дайындыққа Құрлық әскерлерінің түрлі әскери бөлімдерінен 60-тан астам әскери қызметші тартылды. Курс барысында олар жаңа техниканы зерделеп, оларды пайдаланудың қыр-сырын меңгеруде.
- Біз тек мотоцикл жүргізушілерін ғана даярлап жатқан жоқпыз. Біздің басты міндетіміз – жауынгерлік тапсырмаларды орындау кезінде техниканы тиімді қолдануға үйрету. Сондықтан бағдарлама әскери қызметшілердің мотоциклді жеке де, бөлімше құрамында да нық әрі сенімді басқара алуына негізделген, – деп атап өтті Құрлық әскерлеріне қарасты Бас қару-жарақ басқармасы техникалық қамтамасыз ету басқармасының бастығы полковник Владислав Кулагин.
Оқу бағдарламасы 60 сағаттық теория және 100 сағаттық тәжірибе дайындығынан тұрады. Тәлім беру ісі қарапайымнан күрделіге көшу принципі бойынша құрылған. Мәселен, әскери қызметшілер алдымен техниканың құрылымы мен қауіпсіздік талаптарын оқып-білсе, кейін белгіленген жерлерде мотоцикл жүргізуді және шағын топтар құрамында тапсырмаларды орындауды үйренеді.
Ал, практикалық сабақтар кезінде түрлі маневрлер жасау, арнайы кедергілерден өту, қолайсыз жерлермен жүру және де әртүрлі жағдайларда басқару дағдыларын жетілдіру шаралары пысықталады. Курс соңында әскери қызметшілер емтихан тапсырып, тиісті санаттағы жүргізуші куәліктерін алады.
Бүгінгі таңдағы қарулы қақтығыстар тәжірибесі көрсеткендей, жылдамдық, маневрлер жасауға икемділік және іс-қимыл ауданын жедел өзгерте алу қабілеті, бұл жауынгерлік тапсырмаларды сәтті орындаудың басты факторына айналып отыр. Бұл, әсіресе, негізгі күштерден жырақ, қиын жерлерде шағын топтармен әрекет ететін бөлімшелер үшін өте маңызды.
Мотоциклдер бөлімшелердің оқ-дәрі мен маңызды мәліметтерді жеткізу, әскерді бастап жүру, сондай-ақ қажет болған жағдайда жаралыларды жетуі қиын аудандардан эвакуациялау сынды міндеттерді атқарудағы ұтқырлығын айтарлықтай арттырады.
Әскери қызметшілер алған білімі мен дағдыларын «Батыл тойтарыс-2026» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуында іс жүзінде қолданады. Онда бөлімшелердің ұтқырлығына, маневрлерді қолдана алуы мен жеделдігіне қойылатын заманауи талаптар ескеріле отырып, тәжірибелік іс-қимылдар пысықталмақ.