Облыс әкімі: «Әкімдердің жұмысы өткізілген сенбіліктің санымен емес, елді мекендердің нақты жағдайымен бағаланатын болады»
Әкімдік отырысында Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасының іске асырылу барысы қаралды. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыс әкімінің орынбасары Думан Оспанов пен Полиция департаменті басшысының орынбасары Жасұлан Байкенов баяндады.
Биылғы жылдың 4 сәуірінен бастап облыстың барлық елді мекендерінде санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілуде.
Сенбіліктерге 290 мыңнан астам тұрғын қатысып, 5 941 ұйым мен 2 656 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 33 мың аула, 894 саябақ пен сквер аумағы тазартылып, полигондарға 43 719 тонна қоқыс шығарылды. Өңірлік жоспарға сәйкес отырғызылуы тиіс 67 мың көшеттің 60 мыңы егілді.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстар білім беру ұйымдарында да жүйелі жүргізілуде. «Жасыл балабақша» жобасына бүгінде 33 мектепке дейінгі ұйым қатысып, 4 861 тәрбиеленуші мен 553 педагог қамтылды. Облыстағы 305 мектепте оқушыларға арналған 1 554 экологиялық сынып сағаты өткізілді.
Жыл ішінде «Жер сағаты» халықаралық акциясы, Президенттің қатысуымен өткен республикалық телемарафон, «Қарағай» экологиялық қойылымы, «Let's Forest Kazakhstan – Ash to Art in Semey» халықаралық көрмесі және басқа да экологиялық іс-шаралар ұйымдастырылды.
«Мөлдір бұлақ» акциясының екі кезеңі барысында облыс бойынша 29 бұлақ көзі тазартылып, оған 8 800 тұрғын қатысты. Акциялар аясында 8 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. «Таза Қазақстан» бағдарламасы мен «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында облыс әкімдігі мен Полиция департаменті бірлескен рейдтік шараларды тұрақты өткізуде. Облыстық Полиция департаменті «Таза Қазақстан» акциясы аясында елді мекендерді абаттандыру қағидаларының сақталуын бақылау бағытында рейдтік жұмыстарды тұрақты жүргізіп келеді. Жыл басынан бері өңірде 2 245-тен астам рейд өткізіліп, абаттандыру талаптарын бұзудың 7 838 дерегі анықталды. Нәтижесінде жалпы сомасы 28,2 млн теңгеден астам айыппұл салынды.
Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде цифрлық бақылау жүйелері де кеңінен қолданылуда. Бейнебақылау камераларының көмегімен ортақ пайдаланылатын орындарды ластаудың 1175 дерегі анықталып, тәртіпке бағынбағандар жауапкершілікке тартылды.
Аймақ басшысы жиында «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасының маңызына тоқталып, бұл бағыттағы жұмысты жандандыруды тапсырды. Санға емес, ең әуелі сапаға мән беру керектігін ескертті.
Жиын қорытындысында облыс әкімі қала және аудан әкімдеріне «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстап, анықталған кемшіліктерді жоюды, орындалмаған тапсырмаларға жан-жақты талдау жүргізуді және бағдарламаның іске асырылу тиімділігін арттыру бағытындағы үйлестіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.







