Қылмыстың алдын алу – басым бағыт: Абай облысында жүздеген кемшілік жойылды
Абай облысының полициясы қылмыстың жасалу себептері мен жағдайларын жою бағытындағы жұмысты жалғастырып жатыр.
Қылмыстың бетін ашқаннан гөрі, оның алдын алған әлдеқайда тиімді. Сондықтан Абай облысы полиция департаментінде қылмыстық құқық бұзушылықтарды ашумен қатар, олардың жасалуына ықпал еткен себептер мен жағдайларды анықтауға және жоюға ерекше көңіл бөлінеді.
Қылмыстың алдын алудың тиімді тетіктерінің бірі – Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 200-бабына сәйкес енгізілетін ұсынымдар. Әрбір қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталғаннан кейін тергеушілер мен анықтаушылар құқық бұзушылықтың жасалуына қандай кемшіліктер, олқылықтар немесе жағдайлар себеп болғанын зерделейді. Соның нәтижесінде мемлекеттік органдардың, ұйымдар мен мекемелердің атына анықталған кемшіліктерді жою туралы ұсынымдар енгізіледі.
Мұндай тәсіл қылмыстың салдарымен ғана емес, оның туындауына әсер ететін себептермен де күресуге мүмкіндік береді.
Жыл басынан бері облыстың тергеу бөлімшелерімен барлығы 2057 ұсыным енгізіліп, оның 1691-і қаралды. Оларды қарау қорытындысы бойынша нақты шаралар қабылданды:
– 42 адам әкімшілік жауапқа тартылды;
– 146 лауазымды тұлғаға тәртіптік жаза қолданылды;
– 21 бейнебақылау камерасы орнатылды;
– көшелердегі жарықтандыру жақсартылды;
– жол-көлік оқиғалары жиі болатын учаскелерге жаңа жол белгілері орнатылды;
– нысандардың күзеті күшейтіліп, қылмыс жасауға ықпал еткен өзге де кемшіліктер жойылды.
Әрбір осындай ұсынымның нәтижесінде көшелердің қауіпсіздігі артып, ұйымдардың қорғалуы күшейіп, жауапты қызметтердің жұмысы тиімдірек бола түсуде.
Сонымен қатар заңнамада енгізілген ұсынымдарды орындамау немесе оларды қараусыз қалдыру үшін жауапкершілік көзделген. Егер уәкілетті органдар немесе лауазымды тұлғалар қажетті шараларды қабылдамаса, олар Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 479-бабына сәйкес жауапқа тартылуы мүмкін.
Қылмыстың алдын алу полиция қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала береді. Себебі қауіпсіздік қылмыс жасалғаннан кейін емес, оның алдын алу арқылы қамтамасыз етіледі.