Cемей27°С
Ауа-райы
  • Абай22°С
  • Аягөз21°С
  • Ақсуат20°С
  • Бородулиха20°С
  • Қалбатау19°С
  • Курчатов23°С
  • Көкпекті20°С
  • Үржар21°С
470.28 537.53 5.99

Президент тапсырмаларын жүзеге асыру: Үкімет автомобиль өнеркәсібі саласындағы локализациялау және технологиялық дамуды күшейтеді

Бүгін, 13:55 Думан Кенжеғазыұлы

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында отандық автокөлік жасау саласының қазіргі жағдайы мен алдағы даму перспективалары қаралды.

Жиында өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек баяндама жасады. Сондай-ақ Astana Motors, Allur компаниялар тобы, Kia Qazaqstan және QazTehna кәсіпорындары мен қазақстандық автомобиль одағының басшылары бизнес ұсыныстары мен ағымдағы жобалар туралы баяндады.

Олжас Бектенов автомобиль өнеркәсібінің экономиканы әртараптандыру мен еліміздің технологиялық дамуын қамтамасыз етудегі маңызын атап өтті. Мемлекет басшысы Үкіметке елімізді орнықты дамыту бағытында жүйелі жұмыстарды жалғастырып, ұлттық экономика құрылымын нығайтуды тапсырды.

«Биыл маусым айында машина жасау және көлік мәселелері бойынша заңнамаларға тиісті түзетулер енгізілді. Бұл өзгерістер отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруды және өндірістік технологияларды жетілдіруді мақсат етеді. Машина жасау саласы – өсудің маңызды бағыттарының бірі әрі ел экономикасын жеделдетілген әртараптандырудың локомотиві. Мемлекет басшысы отандық автомобиль өнеркәсібін толыққанды жоғары технологиялық салаға айналдыру міндетін қойды. KIA Qazaqstan, Astana Motors сияқты басқа да бірқатар ірі жобаны жүзеге асыру еліміздің бүкіл өнеркәсібін технологиялық жаңғыртуға елеулі серпін берді», — деп атап өтті Премьер-министр.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, соңғы бес жылда автомобиль саласына тартылған инвестиция көлемі 457 млрд теңгеге жетті. Саладағы жұмыспен қамту деңгейі 10 мыңнан астам адамды құрады. Елімізде 2025 жылы 171 мың көлік құралы өндірілді. 2026 жылы өндіріс көлемін 190 мың бірлікке дейін арттыру, оның ішінде 177 мың жеңіл автокөлік, 10 мың бірлік жүк және арнайы техника, 3 мың автобус шығару жоспарлануда.

Бүгінгі таңда елімізде автокөлік құралдарын шығаратын 11 кәсіпорын жұмыс істейді. 2025 жылы қуаты жылына 120 мың автомобиль шығаруға қауқарлы Astana Motors Manufacturing Kazakhstan және қуаты 70 мың автомобиль өндіретін KIA Qazaqstan зауыттары іске қосылды. Екі кәсіпорынға салынған инвестицияның жалпы көлемі шамамен 347 млрд теңгені құрады, 5 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. 2026 жылдың төртінші тоқсанында жалпы қуаты жылына 1 мың бірлік болатын Volvo және XCMG маркалы тартқыштар шығаруды бастау жоспарланып отыр.

Отырыс қорытындысы бойынша Олжас Бектенов бірқатар тапсырма берді.

Бірінші. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне салалық кәсіпорындармен бірлесіп, бір ай ішінде автобөлшектер өндірісін құру бойынша тиісті жоспарды әзірлеу тапсырылды. Қосалқы бөлшектер өндірісінде қолданылатын отандық материалдардың түрлерін кеңейту қажеттігі атап өтілді. «Qarmet» компаниясы автобустар мен жүк көліктері үшін арнайы болат маркаларын шығаруда.

Келесі кезеңде жеңіл автомобильдерге арналған болат өндірісін қолға алу қажет.

Сонымен қатар мыс, алюминий, хромды терең өңдеу, резеңке, пластик, кабель және басқа да өнім түрлерін дамыту саласында да үлкен әлеует бар  екені атап өтілді. Жобаларды жүзеге асыру локализациялау деңгейін арттыруға, өндірістік кластерлер қалыптастыруға және қазақстандық қамту үлесін ұлғайтуға мүмкіндік береді. 

Екінші. Бүгінде еліміздің негізгі күре жолдарының бойында электр көліктерін қуаттайтын 70-ке жуық станция жұмыс істеп тұр.

Жақында «Car Park Transformer» компаниясымен 2030 жылға дейін жол бойында сервистік қызмет көрсетуге арналған 250 станция салу бойынша инвестициялар туралы келісім бекітілді.

Көлік министрлігіне Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірлесіп, электр қуаттау станцияларының желісін дамыту үшін ірі халықаралық компанияларды тарту жұмыстарын күшейту тапсырылды.

Үшінші. Елімізде электромобильдерге арналған аккумуляторлар өндірісінің жаһандық тізбегіне ықпалдасу үшін қажетті шикізат қоры бар.

Аккумулятор өндірісінде аса маңызды – сфералы графит шығаратын ірі жобаны іске қосу жоспарланып отыр.

Өнеркәсіп министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жобаның уақтылы пайдалануға берілуін қамтамасыз ету тапсырылды.

Сондай-ақ жуырда Мемлекет басшысы Қытай Халық Республикасына жасаған сапары барысында аккумулятор өндірісінде әлемдік көшбасшы саналатын CATL компаниясының басшылығымен кездесті. Компания еліміздің аумағында жоғары технологиялық өндірісті іске асыру ниетін растады.

Төртінші. Автомобиль өнеркәсібі үшін кадрлар даярлау бүгінде 19 жоғары оқу орнында 34 білім беру бағдарламасы бойынша жүргізілуде. Дуальды оқытуды 16 ЖОО 48 кәсіпорынмен бірлесіп жүзеге асырады.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне сала кәсіпорындарымен бірлесіп, бір ай мерзімде машина жасау саласындағы кәсіптік стандарттарды цифрландыру мен озық инновациялық технологиялар, автокөлікті электрлендіру сынды заманауи талаптарға сәйкестендіре отырып, жаңарту тапсырылды.

Ғылым және жоғары білім, Өнеркәсіп және құрылыс министрліктері салалық кәсіпорындармен және жоғары оқу орындарымен бірлесіп, бір ай мерзімде ғылыми-зерттеу зертханаларын құру жөнінде нақты ұсыныстар енгізуі қажет.

Бесінші. Қаржы министрлігіне Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірлесіп, он күн ішінде автокөліктердің ел аумағына заңсыз әкелінуіне жол бермеу жөнінде шаралар  кешенін әзірлеу тапсырылды.

Заңсыз әкелінетін көлік құралдары көбінесе белгіленген техникалық және экологиялық талаптарға сәйкес келмейтіні атап өтілді. Кедендік әкімшілендіру мен техникалық реттеу саласындағы тиісті тәсілдер осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап қолданысқа енгізілуі тиіс.

Мемлекеттік органдарға қолданыстағы заңнамалық нормаларды түсіндіру барысында нақты әрі айқын ұстаным болу және халық арасында кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды.

Тапсырмалардың орындалуын жалпы бақылау және үйлестіру Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа жүктелді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив