ҚР АШМ мен ФАО Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған үш жобаны іске қосты
Астанада Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) арасындағы әріптестік бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын үш стратегиялық жобаның ресми іске қосылуына арналған кіріспе семинар өтіп жатыр.
ФАО–Қазақстан әріптестік бағдарламасы – Қазақстан Үкіметі мен ФАО арасындағы он жылға жоспарланған ұзақ мерзімді ынтымақтастық тетігі. Бағдарлама ауыл шаруашылығының орнықты дамуын қолдауға, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, заманауи технологиялар мен озық халықаралық тәжірибені енгізуге бағытталған.
Семинар аясында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы ФАО-ның Еуропа және Орталық Азия бойынша өңірлік өкілінің орынбасары Раймунд Йелемен кездесті.
Тараптар ФАО–Қазақстан әріптестік бағдарламасының іске асырылуын, ынтымақтастықтың басым бағыттарын, аграрлық салаға заманауи технологияларды енгізу және ғылыми әріптестікті дамыту мәселелерін талқылады.
«Сарапшыларымыздың бірлескен жұмысының нәтижесінде негізгі құжат жұмыстарына қатысты кезең аяқталуға жақын. Ең бастысы – әрбір жоба халықаралық стандарттар мен еліміздің агроөнеркәсіп кешенін дамытудың ұлттық басымдықтарына толық сәйкес келеді. Бұл жобалардың іске қосылуы отандық ауыл шаруашылығын технологиялық жаңғыртуға елеулі серпін береді деп сенемін. Жалпы, біз ФАО-мен ықпалдастықты одан әрі нығайтуға, бірлескен жобаларды табысты іске асыруға, тәжірибе алмасу аясын кеңейтуге және өзара қызығушылық тудыратын жаңа қадамдарды дамытуға ниеттіміз», – деді Ермек Кенжеханұлы.
Одан әрі ФАО-ға Қазақстанның аграрлық секторын дамытуға көрсетіп отырған тұрақты қолдауы мен сындарлы серіктестік үшін алғыс білдірді.
Семинардың ашылуында вице-министр бірлескен жобаларды жүзеге асыру халықаралық сараптамалық тәжірибе мен ұлттық ғылыми әлеуетті біріктіріп, отандық агроөнеркәсіп кешенін дамытудың негізгі міндеттерін тиімді шешуге мүмкіндік беретінін айтты.
Алғашқы жоба топырақтағы органикалық көміртекті мониторингтеу, бағалау және верификациялау жөніндегі ұлттық жүйені құруды көздейді. Бұл бастама жер ресурстарын орнықты басқарудың, топырақ құнарлылығын арттырудың және ұлттық көміртек нарығын дамытудың ғылыми негізін қалыптастыруға жол ашпақ.
Екінші жоба жасанды интеллект технологиялары мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану арқылы шегіртке зиянкестерінің таралуын мониторингтеу және болжау жүйесін жетілдіруге арналады. Заманауи цифрлық шешімдерді қолдану зиянкестердің таралу ошақтарын жедел анықтап, болжамдардың дәлдігін арттырып, басқарушылық шешімдердің тиімділігін күшейтпек.
Үшінші - отандық селекция мен тұқым шаруашылығын дамытуға, өсімдіктердің генетикалық қорларын сақтауға және қазақстандық ауыл шаруашылығы дақылдарының сорттарын ілгерілетуге қатысты «Қазақстандық сорттар мен тұқымдар» ұлттық бастамасы іске асырылады. Сонымен қатар отандық бау-бақша шаруашылығының символдарының бірі саналатын атақты Алматы апорты сұрпын қайта жаңғыртуға және кеңінен насихаттауға ерекше назар аударылады.
Екі күн бойы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің, ФАО-ның, БҰҰ жүйесіне кіретін агенттіктердің, ғылыми-зерттеу ұйымдарының, салалық қауымдастықтардың, жеке сектордың және өзге де серіктес ұйымдардың өкілдері жобалардың техникалық өлшемдерін пысықтап, жылдық жұмыс жоспарды бекітеді, ведомствоаралық үйлестіру тетіктерін айқындайды әрі осыған ұқсас халықаралық бастамаларды іске асыру тәжірибесімен алмасады.
Семинар барысында инновациялық технологияларды енгізу, климат өзгерісіне төзімді ауыл шаруашылығын дамыту, саланы цифрландыру, өсімдіктердің генетикалық қорларын сақтау, табиғи ресурстарды мониторингтеу жүйесін жетілдіру және ауыл шаруашылығындағы тәуекелдерді басқару тиімділігін арттыру мәселелеріне айрықша көңіл бөлінбек.