Cемей29°С
Ауа-райы
  • Абай22°С
  • Аягөз21°С
  • Ақсуат20°С
  • Бородулиха20°С
  • Қалбатау19°С
  • Курчатов23°С
  • Көкпекті20°С
  • Үржар21°С
469.59 536.22 5.96

Абай облысында 2 күндік «Абай оқулары» республикалық фестивалі өтті

Бүгін, 12:46 Думан Кенжеғазыұлы

Абай облысында Ұлы ақын, хәкім Абай Құнанбайұлының бай әдеби мұрасын ұлықтау мен насихаттауға арналған 2 күндік «Абай оқулары» республикалық фестивалі салтанатты түрде өтіп аяқталды. Дәстүрлі түрде өтетін бұл ауқымды шараға Ақмола, Алматы, Павлодар, Түркістан, Шығыс Қазақстан және Абай облысының аймақтарынан жиналған белсенді жастар қатысты.

Салтанатты іс-шараның алғашқы күні Семей қаласындағы Хәкім Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығында бастау алды. Қатысушылар ең алдымен «Абай және ұлдары» ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ұлы ойшылдың рухына тағзым етті.

Фестиваль қонақтары ақынның мемориалдық музей-үйін аралап, Абай өмір сүрген дәуірдің тыныс-тіршілігінен сыр шертетін бірегей тарихи-мәдени жәдігерлермен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.

Фестивальдің екінші күні танымдық бағытта жалғасты. Қатысушылар Абай ауданы бойынша арнайы көшпелі экскурсияға шығып, ел тарихында ойып тұрып орын алатын киелі де қасиетті орындарды аралады: Күшікбай батыр мен Еңлік-Кебек ескерткіштері, Бөрілі мен Сырт-Қасқабұлақ мекендері және қасиетті Жидебай жері.

Екі күндік рухани мереке сән-салтанаты жарасқан гала-концертпен қорытындыланды. Кеш барысында көрермендерге Абайдың жүректерді тербеткен әндері, патриоттық туындылар мен ұлттық нақыштағы әсерлі би қойылымдары ұсынылды.

Марапаттау рәсімі аясында жобаға белсене қатысып, ұлы ақынның шығармашылығын кеңінен насихаттауға үлес қосқан дарынды жастар арнайы дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.

Бұл фестиваль жастардың ұлттық құндылықтарға деген сүйіспеншілігін арттырып, Абай мұрасын ұлықтаудағы маңызды қадамдардың бірі болды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив