Қазақстан халықаралық делегацияға мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы цифрлық шешімдерді таныстырды
Халықаралық көші-қон ұйымының делегациясы және Грекия, Мажарстан, Тәжікстан, Түрікменстан мен Өзбекстанның мемлекеттік органдарының өкілдері мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы Қазақстанның тәжірибесімен танысу мақсатында «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясына келді.
Кездесу тәжірибе алмасу форматында өтті. Тараптар көші-қон қызметтерін цифрландырудың заманауи тәсілдерін, жеке тұлғаны сәйкестендіру мәселелерін және мемлекеттік сервистерді дамыту бағыттарын талқылады. Сондай-ақ қонақтарға бүгінде Қазақстанда қолданылып жүрген цифрлық шешімдер таныстырылды.
Сапар барысында делегация мүшелеріне паспорттар мен жеке куәліктерді рәсімдеу үдерісі – өтініш беруден және деректерді тексеруден бастап дайын құжатты алғанға дейінгі барлық кезеңдер көрсетілді.
Сонымен қатар делегация мүшелері жеке куәлік немесе паспорт алуға өтінімді өз бетінше беруге мүмкіндік беретін құжаттандыру терминалының жұмысымен танысты. Қатысушыларға оның жұмыс істеу тәртібі мен дербес деректерді тексеруде қолданылатын технологиялар туралы ақпарат берілді.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар халықаралық тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтіп, цифрлық мемлекеттік қызметтерді дамыту бағытындағы ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.