Қазақстан студенттік қалалардың тартымдылығы бойынша Орталық Азиядағы көшбасшылығын растады
Алматы мен Астана халықаралық QS Best Student Cities 2027 рейтингіндегі өз позицияларын жақсартып, Қазақстанның өңірлік жоғары білім беру орталығы ретіндегі тартымдылығының артып келе жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Алматы бірден 13 сатыға көтеріліп, әлемде 78-орынға ие болды. Бұл – Қазақстан қалаларының рейтингке қатысу тарихындағы ең жоғары нәтиже және Орталық Азия қалалары арасындағы үздік көрсеткіш. Астана да өз позициясын нығайтып, 8 сатыға жоғарылап, 119-орынға орналасты. Осылайша, Қазақстанның екі қаласы да өңір көшбасшыларының қатарына енді.
Халықаралық QS Quacquarelli Symonds талдау агенттігі жариялайтын QS Best Student Cities рейтингі қалаларды алты негізгі көрсеткіш бойынша бағалайды: университеттердің академиялық беделі, қаланың тартымдылығы, түлектердің еңбек нарығындағы сұранысы, білім алу мен өмір сүрудің қолжетімділігі, студенттік қауымдастықтың халықаралық әртүрлілігі, сондай-ақ студенттердің пікірлері. Зерттеуге халық саны мен QS World University Rankings 2027 рейтингіне енген жоғары оқу орындарының болуы жөніндегі талаптарға сәйкес келетін әлемнің 150 қаласы енгізілді.
Алматының жоғары нәтижеге қол жеткізуіне ықпал еткен негізгі факторлардың бірі – қаладағы жоғары білім беру жүйесінің дамуы. Алматыда QS World University Rankings 2027 рейтингіне енген тоғыз университет орналасқан. Соның нәтижесінде қала «Университеттердің рейтингтердегі нәтижелері» көрсеткіші бойынша әлемде 50-орынға ие болып, оның университеттік экожүйесінің жоғары әлеуетін көрсетті.
Қазақстанның басты артықшылықтарының бірі – жоғары білімнің қолжетімділігі. Оқу ақысы мен өмір сүру шығындарының қолжетімділігі көрсеткіші бойынша Астана әлемде 9-орынды, Алматы 24-орынды иеленді. Бұл қазақстандық қалаларды білім алуға кететін шығын тұрғысынан шетелдік студенттер үшін ең тартымды бағыттардың қатарына қосады.
Сондай-ақ студенттік қауымдастықтың халықаралық құрамын сипаттайтын «Студенттік контингенттің әртүрлілігі» көрсеткіші бойынша да оң динамика байқалады. Алматы мен Астананың бұл бағыттағы нәтижелерінің жақсаруы қазақстандық жоғары оқу орындарының әлемнің түрлі елдерінен келетін студенттер үшін тартымдылығының артып келе жатқанын көрсетеді.
Алматы мен Астананың QS Best Student Cities 2027 рейтингіндегі позицияларының өсуі Қазақстанның жоғары білім беру жүйесінің халықаралық бәсекеге қабілеттілігінің нығайып келе жатқанын және еліміздің жаһандық білім беру кеңістігіндегі орнының күшейіп отырғанын айғақтайды.