Аймақ басшысы облыс әкімінің жаңа орынбасарын таныстырды
Президент Әкімшілігінің келісімімен, облыс әкімі Берік Уәлидің өкімімен 2026 жылдың 23 шілдесінен бастап Бекжан Мейрамбекұлы Бапышев облыс әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды.
Аймақ басшысы бүгін оны облыс активіне таныстырды. Оның мемлекеттік басқару саласында және жергілікті атқарушы органдар жүйесінде мол тәжірибесі бар білікті басшы екенін атап өтті.
«Басшылық қызметтегі жоғары ұйымдастырушылық және басқарушылық қабілеті, кәсіби біліктілігі мен жауапкершілігінің арқасында өзін тәжірибелі әрі іскер басшы ретінде көрсете білді. Облыс әкімінің орынбасары ретінде энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік инфрақұрылымы, автомобиль жолдары, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы, туризм, сондай-ақ жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс салаларына жетекшілік ететін болады. Өте жауапты сала. Өзіне артылған міндетті абыроймен атқарады деп сенім білдіремін», – деді Берік Уәли.
Бекжан Мейрамбекұлы еңбек жолын Астана қаласы Алматы ауданы әкімінің аппаратында бастаған. 2013-2015 жылдары Астана қаласы Сарыарқа ауданы әкімінің аппаратында өндірістік-техникалық, тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету және инфрақұрылым бөлімдерінде бас маман, 2015-2016 жылдары Алматы ауданы әкімінің аппаратының мүлікті жария ету комиссиясында, өндірістік-техникалық бөлімде техник, бас маман, бөлім басшысы болып еңбек етті.
Әр жылдары Астана қаласы Есіл ауданы әкімінің аппаратында инфрақұрылым бөлімі мен Астана қаласы Алматы ауданы әкімінің аппаратында абаттандыру және өндірістік-техникалық бөлімдерін басқарып, Астана қаласы Алматы ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.
2025-2026 жылдары Семей қаласы әкімінің орынбасары, қала әкімінің міндетін атқарушы (алты ай), облыстық Құрылыс басқармасының басшысы болды. Тағайындалғанға дейін Абай облысы туризм басқармасының басшысы қызметін атқарды.




