Мақаншы ауданында мультимодальды құрғақ порт пен логистикалық парктің құрылысы басталды
Бүгін Мақаншы ауданының Бақты ауылында мультимодальды құрғақ порт пен логистикалық парктің іргетасын қалау рәсімі өтті. Салтанатты шараға облыс әкімі Берік Уәли, «Port Baqty» ЖШС құрылтайшысы Қайрат Итемгенов қатысты.
Аймақ басшысы құттықтау сөзінде жаңа нысанның маңызына тоқталып, жобаның облыс үшін ғана емес, еліміздің транзиттік әлеуетін дамыту бағытында стратегиялық мәнге ие екенін атап өтті.
Бақты мультимодальды құрғақ порты Достық және Қорғас өткелдерінен кейін Қазақстан мен Қытай арасындағы үшінші теміржол шекара өткелі болады. Жаңа логистикалық торап Қазақстан–Қытай шекарасының өткізу қабілетін жылына қосымша 20–25 млн тоннаға арттырып, қолданыстағы өткелдердің жүктемесін азайтады.
Терминалдың жобалық қуаты – жылына 1 млн контейнер. 2032 жылға қарай оның 700 мың контейнерге дейінгі көлемін игеру жоспарланған. Жобаның бірінші кезеңінде 210 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынып, 200 жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Қаржыландыру жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылады.
Кешен құрамында контейнерлік және астық терминалдары, қойма кешендері, кедендік және логистикалық инфрақұрылым, автокөлік терминалы мен сервистік нысандар салынады. Сонымен қатар жалпы ауданы 50 мың шаршы метрге дейін жететін бондтық қоймалар қарастырылған.
Құрылыс кезеңінде 800–1200 адам жұмыспен қамтылады. Терминал толық іске қосылғаннан кейін 500–1000 тұрақты жұмыс орны құрылып, сервистік салалардың дамуы есебінен ауданда тағы 1500–2000 жаңа жұмыс орны пайда болады.
Жоба құрамында вахталық және шақырылған қызметкерлерге арналған 200 орындық қонақүй кешені салынады. Оның құрамында асхана, кір жуу орны, спорт залы және тәулік бойы жұмыс істейтін медициналық пункт қарастырылған.
Инвестициялық бастаманы іске асыру 2026-2028 жылдарға жоспарланған. Жаңа кешеннің іске қосылуы өңірдің көлік-логистикалық мүмкіндіктерін кеңейтіп, халықаралық транзиттік дәліздердің өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар экспорт көлемін ұлғайтып, Мақаншы ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына және жаңа инвестициялардың тартылуына оң ықпал етеді.
Қазіргі уақытта нысанды орналастыру үшін Мақаншы ауданы Бақты ауылдық округі аумағынан 150 гектар жер учаскесі белгіленді. Бастаманы жүзеге асыру бойынша жобалау, ұйымдастыру және дайындық жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде.
Айта кетейік, Абай облысында 2026 жылы жалпы құны 131,2 млрд теңгені құрайтын 41 инвестициялық жобаны іске асыру және 3263 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша жалпы құны 34,62 млрд теңгені құрайтын 14 инвестициялық жоба пайдалануға беріліп, 598 жаңа жұмыс орны құрылды. 22 шілдеде Аягөз ауданында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен «Aйдарлы» тау-кен байыту комбинатының іргетасын қалау рәсімі өтті. Кәсіпорын толық қуатына шыққан соң жылына 75 млн тонна кен, 226 мың тонна концентраттағы мыс және 3,55 мың тонна концентраттағы молибден өндіреді деп жоспарланған. Жобаны жүзеге асыру кезеңінде үш мыңнан астам жұмыс орны ашылады.










