Cемей10°С
Ауа-райы
  • Абай14°С
  • Аягөз17°С
  • Ақсуат16°С
  • Бородулиха18°С
  • Қалбатау19°С
  • Курчатов18°С
  • Көкпекті16°С
  • Үржар17°С
478.93 534.96 5.16

Абай облысы тұңғыш рет «Айбыннан» сынға түсті

16-05-2023, 14:29 018.kz

Абай гарнизонында  тұңғыш рет «Айбын» облыстық әскери-патриоттық жиыны  өтті. Әр аймақтың айбынын асыруға асыққан оқушылар қауымы Шүлбі кентіндегі «Жас ұлан» ерлер лицейінің «Ұлан» патриоттық орталығында бас қосты. Өз алдына жеке облыс атанған өңірдегі өрендер сайысы өзгеше бастау алды. Оқушылар үшін «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының  әскери оркестрі өнер көрсетсе, 30217 әскери бөлімінің барлау батальоны сахналанған ұрыс жекпе-жегі жиналған жұрт қошеметіне  бөленді. Ұйымдастырушы тарап дүбірлі дода алдында аталмыш шахардағы Жеңіс алаңына  гүл шоқтарын қоюды жөн көрді. Майдангерлер рухына тағзым жасау рәсімінен кейін, көптен күткен іріктеу кезеңі де  басталып кетті. Жастардың әскери-патриоттық тәрбиесін жетілдіру мақсатында іске асқан турнирде 10 команда бақ сынасты. Тартысты да қызықты сәттермен айшықталған жарыста оқушылар  әскери қолданбалы спорт түрлері бойынша кім мықтыны анықтады. Сайысқа қатысушы спорттық  жетістіктерімен шектелмей, интелектуалдық қабілетін де ортаға салды. Әр өңірдің «сен тұр, мен атайын» деген жеткіншегі «Smart Sarbaz» робототехника байқауына тыңғылықты дайындалған. Оқушылардың ғылымға жаңалық енгізетін туындылары төрешілердің таңданысын туғызбай қоймады. Әр сайыста оза шығып  жеңіс тұғырынан көрінген команда республикалық байқауға жолдама алмақ. Сондықтан әр сайысқа сақадай сай келген сайыпқырандар үш күнге созылған іріктеу кезеңде күш-жігерін аямай, барын салып текетіресті.      

- Мен бұл жарыста жастардың жеңіске деген ұмтылысына дән риза болдым. Барлық команда сайыстың соңғы күніне дейін жан берісті. Алайда, бабы мен бағы қатар келген оқушылар озық шықты. Өскелең ұрпақты әскери дағдыға баулыған сайыс қорытындысы бойынша үшінші орынға Бородулиха ауданы табан тіресе, екінші орынды Жарма ауданы еншіледі. Ал жүлделі бірінші орын Абай ауданына бұйырса,  бас жүлдені Семей қаласының намысын қорғаған команда қанжығасына байлады, - дейді Абай облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары подполковник Қанат Шәріпханов.

Шара соңында жүлдегерлер мен жеңімпаздар мадақтама қағаздарымен қатар медаль, арнайы кубокпен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Еске салайық, әскери-патриоттық жастар жиыны ағымдағы жылдың 18-24 маусым аралығында Қарағанды облысындағы Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің «Спасск» оқу орталығында өтеді. 

Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметі

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив