9 мамыр – Жеңіс күнін Абай облысы кең көлемде атап өтуде
Жеңіс күні - Отан қорғаудағы өшпес ерлік пен өлшеусіз даңқтың, халқымыздың шексіз қаһармандығы мен мұқалмас қажыр-қайратының ең айтулы мерекесі.
Мерекеге орай Абай облысының қалалары мен аудандарында бірқатар шаралар өтуде.
Курчатов қаласының «Жеңіс» алаңында салтанатты жиын өтіп, ескерткіш басына гүл шоқтары қойылды. Мерекелік шарадан соң Курчатов қаласының әкімі О. Чугунков Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің жұбайлары Е. Гуденко мен М. Колбинаны Жеңіс күні мерекесімен құттықтап, сыйлықтар табыстады.
Үржар ауылындағы «Батырлар Аллеясы» алаңында Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткішке гүл шоқтары қойылып, тағзым етілді. Шараға Үржар ауданының әкімі Нұржан Тоқсеитов, мекеме басшылары, шекара басқармасының басшылығы, еңбек ардагерлері мен зиялы қауым және діни бірлестіктердің өкілдері қатысты. Жиын аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының мерекелік бағдарламасымен жалғасын тапты.
Бесқарағай ауданында боздақтарға арналған ескерткішке гүл шоқтарын қою салтанатты рәсімі өткізілді. Салтанатты шарада аудан әкімі Талғат Мұратов аудан тұрғындарын Жеңіс күнімен құттықтап, ардагерлерді құрметтеуге шақырды. Іс-шара мәдениет үйінің концерттік бағдарламасымен жалғасты.
Көкпекті ауданының әкімі Ділдәбек Оразбаев соғыс ардагері Елеусіз Кинбаевтың шаңырағында болып, жеңімпаз жауынгерді Ұлы Жеңіс күнімен құттықтады. Бүгінгі күні Көкпекті ауданы Ақтас ауылында тұратын 98 жастағы Елеусіз Кинбаев ауданда тұрып жатқан екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушы жалғыз жауынгер. Аудан басшысы Ділдәбек Тәжібайұлы ардагерге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың атынан 1 миллион 500 мың теңге қаржылай сыйды және Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевтың құттықтауын табыстады.
Аягөз ауданының орталық алаңында мерекелік концерт ұйымдастырылды. Сондай-ақ, Кеңес одағының батыры М. Әбеулов ескерткіші мен ауданнан соғысқа аттанған боздақтарға арналған тақтаға гүл шоқтары қойылып, майдангерлердің рухына тағзым жасалды.
Сонымен қатар, Жарма, Бородулиха аудандарында еске алу шаралары ұйымдастырылып, ескерткіш басына гүл шоқтары қойылды.