«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының үздік сержанттары анықталды
Семей қаласында «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдердің үздік сержанттарын анықтауға арналған дәстүрлі байқау өтті. Сайысқа Семей, Өскемен, Павлодар, Аягөз, Үшарал қалалары мен Жаңғызтөбе кентінде орналасқан әскери бөлімдерден 100-ден астам сержант қатысты.
Байқаудың негізгі мақсаты – сержанттар құрамының кәсіби даярлығын жетілдіру, дене шынықтыру деңгейі мен спорттық шеберлігін арттыру, сондай-ақ әскери тәртіпті нығайту. Сонымен қатар, жарыс әскери қызметшілердің көшбасшылық қабілеттерін шыңдап, тәжірибе алмасуына мүмкіндік береді.
Сайыс бірнеше кезең бойынша ұйымдастырылды. Қатысушылар дене даярлығы, әскери-кәсіби шеберлігі және атқаратын лауазымына сәйкес нормативтерді орындау бойынша сынға түсті. Байқауға әскери бөлімдерде алдын ала іріктеуден өткен үздік бөлімше командирлері, взвод сержанттары, рота сержанттары, рота старшиналары, рота техниктері, батальон сержанттары және бөлім сержанттары қатысты.
Командалық есеп бойынша бірінші орынды 44736 әскери бөлімі, екінші орынды 28738 әскери бөлімі, ал үшінші орынды 44739 әскери бөлімі иеленді.
Байқау қорытындысы бойынша әр санатта үздік нәтиже көрсеткен әскери қызметшілер анықталды. Олар алдағы уақытта Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері деңгейінде өтетін республикалық «Үздік сержант» байқауында «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының намысын қорғайды.
Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметі






