Абай облысында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары жүйелі түрде жүргізілуде
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым‑Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз жолдауында:
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – мемлекеттік саясаттағы басты басымдық. Бұл заң үстемдігін орнатып, нағыз құқықтық мемлекет құруға, қоғамда әділеттілік пен сенімді нығайтуға бағытталған күрес. Жемқорлықты түбірімен жою — елдің тұрақты дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттырудың маңызды шарты».
Сыбайлас жемқорлықпен күресте жүйелі жұмыс жүргізудің маңыздылығын бірнеше рет атап өтті — бұл жұмыстар тек құқық бұзушылықтарды анықтаумен шектелмей, олардың себептерін жоюға бағытталуы тиіс.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 30 маусымдағы № 927 Жарлығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты қалыптастыру мен іске асыру, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы функциялар мен өкілеттіктер Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне берілді.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы 2026 жылдың 12 маусымда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойды.
Осы Заңмен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат жүргізетін уәкілетті органдар нақты айқындалып, олардың негізгі функциялары белгіленді.
Департаменттің басты мақсаты — көп жағдайда құқық бұзушылықтар анықталғаннан кейін ғана әрекет ету емес, олар пайда болмас бұрын алдын алу. Бұл сыбайлас жемқорлыққа алып келуі мүмкін жағдайларды анықтап, жоятын кешенді жүйені қалыптастыруды көздейді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларының жүйесі бірнеше бағытты қамтиды: сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг, тәуекелдерді талдау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді сақтау және т.б.
Абай облысының жергілікті атқарушы органдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулердің сақталуына мониторинг жүргізілді.
Мониторинг нәтижесінде 2026 жылдың 1 жартыжылдығында қызметке тағайындалған 8 мемлекеттік қызметшінің декларацияны уақтылы тапсырмағаны және Департамент материалдары негізінде кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 272-бабы 1-бөлігі бойынша ескерту түріндегі әкімшілік жауапкершілікке және персоналды басқару қызметіндегі жауапты тұлғалар «ескерту» түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Бұдан бөлек Мониторинг барысында басшылық құрамдағы 4 мемлекеттік қызметшінің қызметтік автокөлікті жеке мақсатта пайдаланғаны анықталып тәртіптік жауапкершілік шаралары қолданылды.
Мониторинг қорытындысымен және Абай облысының мемлекеттік кірістер департаментінен ұсынылған ақпаратқа сәйкес, Абай облысының жергілікті атқарушы органдарында 10 мемлекеттік қызметші жеке кәсіпкер ретінде және 18 қызметші жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің құрылтайшысы немесе басшысы ретінде тіркелген.
Сонымен қатар, Департамент тарапынан Абай облысының сот сараптамалар орталығында және Абай облысының жолаушылар көлігі және автмобиль жолдары мемлекеттік мекемесінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жұмыстары жүргізілді. Талдау қорытындылары бойынша жалпы 38 ұсыным әзірленді.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңға сәйкес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды өз құзыреті шегінде барлық мемлекеттік органдар, ұйымдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері мен лауазымды адамдар жүргізуге міндетті. Осы ретте, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы жүктелген міндеттерге қол жеткізу үшін жұмыла отырып жұмыс атқаруымыз қажет. Бұл тек мемлекеттік міндет емес, әр азаматтың жауапкершілігі.
Әр азамат өз қызметінде адал еңбек етіп, әділ шешім қабылдап, әдептілік танытса – еліміздің болашағы жарқын болмақ.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті