Cемей28°С
Ауа-райы
  • Абай22°С
  • Аягөз21°С
  • Ақсуат20°С
  • Бородулиха20°С
  • Қалбатау19°С
  • Курчатов23°С
  • Көкпекті20°С
  • Үржар21°С
476.75 541.59 6.06

Семей тұрғындары мемлекеттік қызметтерді үйден шықпай-ақ ала алады

Бүгін, 09:21 018.kz

Семей қаласының тұрғындары Халыққа қызмет көрсету орталығына (ХҚКО) бармай-ақ бірқатар мемлекеттік қызметтерді алуға мүмкіндік беретін «Жеке менеджер» қызметін пайдалана алады. Бұл туралы Абай облысы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ филиалында хабарлады.

Қызмет аясында маман өтініш беруші көрсеткен мекенжайға – үйіне немесе кеңсесіне – өзі үшін қолайлы уақытта барып қызмет көрсетеді. Сапар барысында жеке менеджер мемлекеттік қызметтерді алу тәртібі бойынша кеңес береді, қажетті құжаттарды қабылдап, мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы өтінішті рәсімдейді.

Бұл сервис мемлекеттік қызметтерді халық үшін қолжетімді әрі ыңғайлы ету мақсатында іске қосылған. Әсіресе ол мүмкіндігі шектеулі азаматтар, қарт адамдар, жас балалары бар ата-аналар, сондай-ақ денсаулық жағдайына немесе жұмысының көптігіне байланысты ХҚКО-ға өздігінен келе алмайтын тұрғындар арасында сұранысқа ие.

«Біз мемлекеттік қызметтердің облыс тұрғындары үшін қолжетімді әрі ыңғайлы болуын қамтамасыз ету бағытында тұрақты жұмыс жүргізіп келеміз. Көшпелі қызмет көрсету форматы ХҚКО-ға келмей-ақ қажетті қызметтерді алуға мүмкіндік береді. Бұл, әсіресе, өздігінен келуі қиын азаматтар үшін өте маңызды. Алдағы уақытта да тұрғындардың сұранысы мен қолайлылығына бағытталған сервистерді дамытуды жалғастырамыз», – деді Абай облысы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ филиалының директоры Жібек Жадрина.

Жеке менеджердің көмегімен тұрғылықты жері бойынша тіркелу, түрлі анықтамалар алу, АХАТ органдарының қызметтерін пайдалану және басқа да сұранысқа ие мемлекеттік қызметтерді рәсімдеуге болады. Алайда өтініш берушінің міндетті түрде жеке қатысуын талап ететін қызметтер көшпелі форматта көрсетілмейді. Олардың қатарында жеке куәлік пен паспортты рәсімдеу, жүргізуші куәлігін алу, сондай-ақ көлік құралдарын тіркеу және қайта тіркеу қызметтері бар.

Қызмет көрсетіліп болғаннан кейін дайын құжаттарды ХҚКО-ның беру секторынан алуға немесе жеткізу қызметіне тапсырыс беруге болады. «Жеке менеджер» қызметінің көшпелі түрде көрсетілу құны 7 447 теңгені құрайды. Бұл сомаға ұйымдастыру және көлік шығындары кіреді. Өтінімді ХҚКО-ның мобильді қосымшасы арқылы беруге болады. «Жеке менеджер» қызметі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының сервистік қызмет көрсетуі аясында ақылы негізде ұсынылады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив