Cемей23°С
Ауа-райы
  • Абай22°С
  • Аягөз21°С
  • Ақсуат20°С
  • Бородулиха20°С
  • Қалбатау19°С
  • Курчатов23°С
  • Көкпекті20°С
  • Үржар21°С
477.17 543.26 6.01

Бесқарағай ауданында құс фабрикасының құрылысы басталды

Бүгін, 15:23 Думан Кенжеғазыұлы

Бүгін Бесқарағай ауданының Қарабас ауылында «Abai Poultry Agro» заманауи, жоғары технологиялық құс фабрикасының іргетасын қалау рәсімі өтті. Салтанатты шараға облыс әкімі Берік Уәли, «Abai Poultry Agro» ЖШС директоры Дамир Әлжанов қатысты.

Аймақ басшысы құттықтау сөзінде бұл жобаның өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыруға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға үлес қосатынын атап өтті.

«Бүгін біз облысымыздың агроөнеркәсіптік кешенін дамытудағы маңызды инвестициялық жобаның басталуына куә болып отырмыз. Аталған жоба Мемлекет басшысының өңдеу өнеркәсібін дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және инвестиция тарту жөніндегі тапсырмаларын іске асыруға бағытталған. Қазіргі таңда облысымызға жұмыртқа еліміздің өзге өңірлерінен тасымалданады. Толық циклді өндірістің іске қосылуы аймақтағы тауық жұмыртқасы тапшылығын толық жоюға мүмкіндік береді. Инвесторлардың айтуынша, толық автоматтандырылған, заманауи, соңғы үлгідегі технологияны қолданатын мұндай жоба біздің облыста ғана емес, республикада бірінші рет қолға алынғалы отыр. Бұл – біз үшін үлкен мақтаныш. Жаңа кәсіпорын ел игілігіне қызмет етіп, облысымыздың өркендеуіне өз үлесін қоса берсін!», – деді Берік Уәли.

Жоба аясында 120 мың тауыққа арналған 5 құс қорасын салу жоспарланған. Кәсіпорынның жалпы өндірістік қуаттылығы 600 мың құсқа дейін жетеді. Жоба толық іске қосылғаннан кейін жылына 400 тонна құс еті және 150 миллион дана тауық жұмыртқасын өндіру көзделген.

Жобаның жалпы инвестиция көлемі 8,5 млрд теңгені құрайды. Сонымен қатар, құрылыс кезеңінде 100, кәсіпорын ашылған соң 150 тұрақты жұмыс орны құрылады. Инвесторлардың айтуынша, құс фабрикасын 9 айдан кейін пайдалануға беріледі.

Облыста ауыл шаруашылығын дамыту, өңдеу саласын өркендету жолында кешенді жұмыстар атқарылып, қолдаудың тиімді тетіктері қарқынды жұмыс істеп келеді. 2026 жылы агроөнеркәсіптік кешен саласындағы Жол картасы аясында 23,7 млрд теңгеге 6 ірі агрожоба іске асырылуда. Олардың қатарында «Агролидер KAZ» кәсіпорнының ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу зауыты, «Евразия Агро Семей» ет комбинаты және «Qazaq Astyq Group» күнбағыс майын өңдеу кешені бар.

2030 жылға дейін жалпы агроөнеркәсіп саласында 90 ірі агрожоба іске қосылады, бұл ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді кеңейтуге, ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті дамытуға және экспорттық әлеуетті арттыруға айтарлықтай серпін береді. Биыл республикалық бюджеттен облыстың агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға 47,3 млрд теңге бөлінді.

Қазіргі таңда Абай облысында «Игілік» және «Береке» бағдарламалары аясында жалпы сомасы 5,2 млрд теңгені, ал «Жайлау» бағдарламасы бойынша 5 млрд теңгені құрайтын инвестициялық пул қалыптастырылды. 2025 жылы агроөнеркәсіптік кешендегі ірі инвестициялық жобаларды қаржыландыру бағдарламасы шеңберінде 8,0 млрд теңге қаражат жеткізіліп, ағымдағы жылы 9 жоба бойынша 7,85 млрд теңге берілді. Осы құс фабрикасына мемлекеттік қолдау арқылы 5,0 млрд. теңге қаражат қарастырылды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив