Cемей23°С
Ауа-райы
  • Абай22°С
  • Аягөз21°С
  • Ақсуат20°С
  • Бородулиха20°С
  • Қалбатау19°С
  • Курчатов23°С
  • Көкпекті20°С
  • Үржар21°С
477.17 543.26 6.01

Берік Уәли Шипалы көлі жағалауының жаңғырту жұмыстарымен танысты

Бүгін, 16:41 Думан Кенжеғазыұлы

Облыс әкімі Берік Уәли Бесқарағай ауданындағы Шипалы көліне барып, туристік аймақтың қазіргі жай-күйімен және демалушылар үшін жасалған жағдайлармен танысты.

Шипалы көлі – Бесқарағай ауданының ғана емес, Абай облысының ең көрікті әрі туристер көп келетін табиғи нысандарының бірі. Аудан орталығынан 85 шақырым жерде, «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының аумағында орналасқан көл бірнеше бір-біріне жақын жатқан тұзды көлдерден тұрады.

Минералдарға бай суы мен емдік балшығының қасиетіне орай мамандар Израильдегі Өлі теңізбен салыстырып жатады. Шипалы көлінің суы жүйке жүйесі, қан айналымы, тыныс алу, ас қорыту, эндокриндік, тері, буын және тамыр ауруларын емдеуде оң әсерін тигізеді.

Биыл демалушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында көл жағалауы абаттандырылды. Мұнда құмды жағажай, киім ауыстыру кабиналары, орындықтар, күннен қорғайтын шатырлар, волейбол алаңы, мангал аймағы ұйымдастырылған. Сондай-ақ, ағаш үйлер, үстелдері мен орындықтары бар күркелер, барбекю алаңдары және катамаранмен серуендеуге арналған мүмкіндіктер қарастырылған.

Шипалы көлі табиғи емдік қасиеттерімен ғана емес, қарағайлы орманмен көмкерілген ерекше табиғатымен де демалушыларды қызықтырады. Жағажай маусымында мұнда Абай облысының тұрғындарымен қатар, еліміздің басқа өңірлерінен және Ресей Федерациясының шекаралас аймақтарынан да туристер көптеп келеді.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес Шипалы көлінде инженерлік және туристік инфрақұрылымды дамыту жұмысы жалғасуда. Қазіргі таңда ұзындығы 19,8 шақырым электр желісін тарту, сумен жабдықтау және қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салу жұмысы басталды.

Аймақ басшысы көл жағалауындағы инфрақұрылымды көріп, жаңадан ашылған құтқару бекетінің жұмысымен танысты.

Мұнда облыстық Төтенше жағдайлар департаментінде арнайы оқудан өткен 10 құтқарушы тәулік бойы жұмыс істейді. Құтқару бекетінде медициналық қызметкерлер мен полиция қызметкерлері де кезекшілік атқарады.

«Демалушылар қандай да бір жағдай болса осы жерге келіп жүгінеді. Үшеуін де бір жерге топтастырып, аудан өз күшімен қауіпсіздік бекетін салған екен. Мұндай бекеттер адамдардың қауіпсіздігі үшін өте қажет. Шипалы көлінің әлеуеті өте жоғары. Туристік аймаққа электр қуатын тарту жұмысын бастадық. Электр тартылған соң су да келеді. Бұл инвесторлардың демалыс орындарын салуына мүмкіндік ашады. Мұнда ішкі және сыртқы туризмді дамытуға мүмкіндік көп. Өйткені, көл суының емдік қасиеті мол. Сондықтан Шипалы көлдің инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жұмыстарды жалғастырамыз. Әкімдік тарапынан қажетті қолдау көрсетілетін болады», – деді Берік Уәли.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив