Cемей32°С
Ауа-райы
  • Абай22°С
  • Аягөз21°С
  • Ақсуат20°С
  • Бородулиха20°С
  • Қалбатау19°С
  • Курчатов23°С
  • Көкпекті20°С
  • Үржар21°С
474.63 544.5 5.92

Семейде сарапшылар өңірлердің электоралдық күн тәртібін қалыптастырудағы рөлін талқылады

Бүгін, 14:22 Думан Кенжеғазыұлы

Семей қаласында «Өңірлердің электоралдық күн тәртібін қалыптастырудағы рөлі» тақырыбында Sarap сарапшылар клубының өңірлік отырысы өтті. Іс-шараны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қазақстандық қоғамдық даму институты ұйымдастырды. Кездесу барысында сарапшылар өңірлердің сайлау процесіне қатысуы, қоғамдық-саяси үрдістер, саяси партиялардың азаматтық қоғаммен өзара іс-қимылы және халықтың электоралдық белсенділігі мәселелерін талқылады, деп хабарлайды 018.kz.

Іс-шараға Астана қаласы, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарының сарапшылық және академиялық қауымдастық өкілдері, азаматтық сектордың өңірлік көшбасшылары, жастар ұйымдарының жетекшілері қатысты.

Кездесу барысында Қазақстандық қоғамдық даму институтының қоғамдық пікірді зерттеу нәтижелері таныстырылды. Зерттеулерде азаматтардың қоғамдық күтулері мен саяси белсенділік деңгейі, сондай-ақ саяси партия өкілдері арасындағы теледебаттардың сайлау науқанына ықпалы қамтылған.

Отырысты ашқан Қазақстандық қоғамдық даму институты Институционалдық талдау және реформалар орталығының директоры Риззат Тасым қазіргі сайлау науқанының өңірлердің белсенді қатысуымен өтіп жатқанын атап өтті.

Оның айтуынша, бір палаталы Құрылтайға көшу жағдайында өңірлік өкілдікті қамтамасыз ету маңызды мәселелердің біріне айналды. Бүгінде саяси партиялар өңірлер арасындағы тепе-теңдікті сақтауға ұмтылып отыр. Бұл партиялық тізімдерден де көрініс табады.

«Партиялық тізімдерде Абай және Шығыс Қазақстан облыстарымен байланысты 20 кандидат бар. Бұл өңірлердің дауысы әлі де маңызды екенін көрсетеді. Сайлау науқанының табысты өтуі көп жағдайда жергілікті жерлердегі жұмысқа байланысты. Сондықтан қазір өңірлердің мәселелерін білу, тұрғындарды толғандыратын өзекті сұрақтарды көтеру және жергілікті мәселелерді шешуге баса назар аудару аса маңызды», – деді Риззат Тасым.

Ол сондай-ақ Семейдегі сарапшылық алаңның ғылыми және академиялық қауымдастық өкілдерін біріктіріп, өңірлік күн тәртібін, өзекті сын-қатерлерді талқылауға және қоғамдық-саяси диалогты одан әрі дамыту жөнінде ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік бергенін атап өтті.

Қазақстандық қоғамдық даму институты Қоғамдық процестерді зерттеу орталығының директоры, философия ғылымдарының докторы Әлия Масалимова қоғамдық күтулерге, электоралдық көңіл-күйге және азаматтардың сайлау процесіне қатысу деңгейіне арналған соңғы әлеуметтік зерттеулердің нәтижелерін таныстырды. Оның айтуынша, азаматтардың 84 пайыздан астамы елдегі қоғамдық-саяси жағдайды тұрақты деп бағалайды.

Шығыс Қазақстан облысының Талдау және болжамдау институтының директоры Аяужан Ашимова өз кезегінде бүгінгі таңда өңірлердің рөлі сайлауға жоғары қатысуды қамтамасыз етуде емес, ауыл тұрғындарының жүргізіліп жатқан реформаларға деген сенімін арттыруда екенін атап өтті.

«Халық бюллетеньге жай ғана белгі қойғысы келмейді. Олар саяси процестерге қатысып, шешім қабылдауға атсалысқысы келеді. Бүгінде тұрғындар өз құқықтарына барған сайын көбірек қызығушылық танытып келеді. Бұл қуантады. Дегенмен алда халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында атқаратын жұмысымыз көп», – деді Аяужан Ашимова.

«Эрудит» білім беру орталығының директоры, философия ғылымдарының докторы Айдын Қайырбекұлы жастардың азаматтық мәдениеті мен саяси сауаттылығын дамытудағы академиялық қауымдастықтың рөліне тоқталды.

Shakarim University тарих және өнер кафедрасының оқытушысы, Абай облысы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Мадияр Насыров өңірлік деңгейде мемлекеттік органдар, саяси институттар және азаматтық қоғам арасындағы өзара іс-қимыл мәселелерін сөз етті.

Әлеуметтанулық талдау орталығының жетекшісі, философия ғылымдарының докторы Мұхтар Әбдікаримов соңғы зерттеулердің нәтижелерін ұсынып, халықтың электоралдық таңдауы мен азаматтық көңіл-күйінің динамикасына тоқталды.

Профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Зейнолла Тоқаев мемлекеттік реформаларды ғылыми-сараптамалық тұрғыдан сүйемелдеудің маңыздылығын атап өтті. Оның пікірінше, саяси өзгерістер терең талдауға негізделуі тиіс. Бұл ретте сарапшылық қауымдастық шешімдер әзірлеу мен қоғамдық диалогты дамытуда маңызды рөл атқарады.

Назарбаев Университеті жанындағы Ұлттық талдау орталығының саясаттанушысы, аға зерттеуші Расул Қоспанов саяси реформалардың қазіргі кезеңі мен өтіп жатқан сайлау науқанының ерекшеліктеріне сараптамалық баға берді.

«Зияткер жастар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Қуаныш Молдакашев жастардың электоралдық белсенділігін арттыру және олардың қоғамдық-саяси өмірге қатысуын кеңейту мәселелеріне тоқталды.

Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар өңірлердің электоралдық күн тәртібін қалыптастырудағы рөлі жыл санап артып келе жатқанын атап өтті.

Сарапшылардың пікірінше, саяси жүйені одан әрі дамыту мемлекеттік институттар, сарапшылық қауымдастық және азаматтық сектор арасындағы тұрақты диалогты жолға қоюды, сондай-ақ азаматтардың, әсіресе жастардың құқықтық мәдениеті мен қоғамдық-саяси процестерге қатысу деңгейін арттыруды талап етеді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив