Cемей24°С
Ауа-райы
  • Абай22°С
  • Аягөз21°С
  • Ақсуат20°С
  • Бородулиха20°С
  • Қалбатау19°С
  • Курчатов23°С
  • Көкпекті20°С
  • Үржар21°С
456.88 534.64 5.47

Жас ғалымдарға баспана беру – ғылымды қолдаудың нақты көрінісі

9-07-2026, 14:37 018.kz

Қазақстанда ғылымды дамыту мен жас зерттеушілерге қолайлы жағдай жасау бағытындағы мемлекеттік қолдау шаралары күшейіп келеді. Соның маңызды тетіктерінің бірі – жас ғалымдарды тұрғын үймен қамтамасыз ету.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымды дамыту үшін ең алдымен ғалымдардың әлеуметтік жағдайын жақсарту қажеттігін атап өткен. 2024 жылы Ұлттық ғылым академиясында жас ғалымдармен кездесуде Президент әлеуметтік қолдаудың нақты шараларын қабылдау маңызды екенін айтып, ғылымның әртүрлі саласында еңбек етіп жүрген 10 жас ғалымға пәтер сертификаттарын табыстады.

Кейінгі кезеңде де бұл бағыт жалғасты. 2025 жылғы Ғылым қызметкерлері күні қарсаңында Мемлекет басшысы ғалымдарды марапаттау рәсімінде 600-ден астам жас ғалымға баспана берілгенін атап өтті. Сондай-ақ сол шара барысында бір топ жас ғалымға пәтер кілттері табысталды.

Бұл бастаманың маңызы зор. Себебі баспана мәселесінің шешілуі жас зерттеушілерге әлеуметтік тұрақтылық беріп, негізгі күшін ғылыми ізденіске бағыттауға мүмкіндік береді. Ғалымның тұрмыстық мәселесі шешілген сайын оның ғылыммен тұрақты айналысуына, ұзақ мерзімді зерттеулер жүргізуіне және жаңа жобалар әзірлеуіне жағдай қалыптасады.

Мемлекет жас ғалымдарды тек тұрғын үймен ғана емес, ғылыми гранттармен және кәсіби мүмкіндіктермен де қолдауда. Президенттің тапсырмасымен алдағы жылдары жас ғалымдардың зерттеулеріне бөлінетін грант санын арттыру үшін қосымша қаржы қарастырылған.

Сонымен қатар 2024 жылы ғылым және білім беру саласына қатысты заңнамалық өзгерістер қабылданып, ғылыми қызметкерлердің материалдық жағдайын жақсартуға бағытталған шаралар енгізілді. Ғылыми дәрежесі мен атағы бар мамандарға қосымша ақы төлеу тетіктері кеңейтілді.

Жас ғалымдарға баспана беру – әлеуметтік қолдаудан бөлек, елдің ғылыми болашағына салынған инвестиция. Бүгін ғылымға жағдай жасалған жас зерттеушілер ертең жаңа технологиялар мен ғылыми жаңалықтардың авторына айналып, Қазақстанның интеллектуалдық және технологиялық әлеуетін арттыруға үлес қосады.

Осы тұрғыдан алғанда, Президент тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан тұрғын үй және өзге де қолдау шаралары ғалым мәртебесін көтеруге, жастарды ғылымға тартуға және отандық ғылыми мектептердің сабақтастығын сақтауға бағытталған маңызды қадам болып табылады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив