Cемей19°С
Ауа-райы
  • Абай22°С
  • Аягөз21°С
  • Ақсуат20°С
  • Бородулиха20°С
  • Қалбатау19°С
  • Курчатов23°С
  • Көкпекті20°С
  • Үржар21°С
456.88 534.64 5.47

Қазақстанда жас ғалымдардың жаңа буыны қалыптасып келеді

26-07-2026, 11:42 Думан Кенжеғазыұлы

Қазақстанда ғылымды дамытуға және жас зерттеушілерді қолдауға беріліп отырған басымдықтың нәтижесінде жас ғалымдардың жаңа буыны қалыптасып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы Қазақстанда 25 мыңнан астам ғалым бар екенін, олардың жартысы 40 жасқа толмаған мамандар екенін атап өтті. Бұл еліміздің ғылыми қауымдастығында жастардың үлесі жоғары екенін көрсетеді.

Жас ғалымдарды қолдау гранттармен, ғылыми тағылымдамалармен және әлеуметтік бағдарламалармен қатар жүзеге асырылуда. 2025 жылы 50 жас ғалым мемлекеттік ғылыми стипендияға ие болып, 250 зерттеуші әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтуге грант алды. Сонымен бірге жас ғалымдардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстар да күшейіп, 2025 жылы 271 жас ғалым баспанамен қамтамасыз етілді.

Ғылыми кадрларды даярлау жүйесі де кеңейіп келеді. 2025–2026 оқу жылында докторантураға 2919 орын бөлінді. Бұл ғылыми зерттеумен айналысқысы келетін жастарға жаңа мүмкіндік беріп, ғылымдағы кадрлар сабақтастығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Халықаралық тәжірибе алмасу мүмкіндіктерінің артуы да жас зерттеушілер үшін маңызды. 2021 жылдан бері қазақстандық ғалымдар әлемнің жетекші ғылыми орталықтары мен университеттерінде тағылымдамадан өтіп келеді. Осы кезеңде 1500-ден астам зерттеуші халықаралық ғылыми ортада тәжірибе жинақтаған, олардың басым бөлігін жастар құрайды.

Бүгінде жас ғалымдар дәстүрлі ғылым салаларымен қатар жасанды интеллект, цифрландыру, биотехнология, жаңа материалдар, энергетика, инженерия және басқа да перспективалы бағыттарда зерттеу жүргізіп келеді. Ғылым мен бизнестің байланысын күшейту арқылы ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізуге де мүмкіндік артып отыр.

Жас ғалымдардың көбеюі – Қазақстанның интеллектуалдық әлеуеті нығайып келе жатқанының маңызды көрсеткіші. Бүгінгі жас зерттеушілерге жасалған жағдай – ертеңгі ғылыми жаңалықтарға, жаңа технологияларға және елдің экономикалық дамуына салынған инвестиция. Сондықтан ғылымға қызығатын жастарды қолдау мен олардың еңбегін қоғамға кеңінен таныту – еліміздің болашағы үшін аса маңызды бағыт.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив