Cемей28°С
Ауа-райы
  • Абай22°С
  • Аягөз21°С
  • Ақсуат20°С
  • Бородулиха20°С
  • Қалбатау19°С
  • Курчатов23°С
  • Көкпекті20°С
  • Үржар21°С
456.88 534.64 5.47

Абай облысының тұрғындары сайлауға белсенді қатысуда

Бүгін, 09:00 018.kz

Бүгін, 23 тамызда, Абай облысының тұрғындары Құрылтай депутаттарын сайлауға белсенді қатысып жатыр. Орталық сайлау комиссиясының алдын ала мәліметіне сәйкес, сағат 10:00-дегі жағдай бойынша өңірдегі сайлаушылардың 17,35%-ы дауыс берген.

Абай облысындағы сайлаушылар тізіміне барлығы 402 408 азамат енгізілген. Осылайша, дауыс берудің алғашқы сағаттарында өңір бойынша шамамен 70 мың тұрғын өз таңдауын жасаған.

Облыста 464 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр. Оның 429-ы – ашық, 35-і – жабық учаске. Сайлауды ұйымдастыруға барлығы 477 сайлау комиссиясы жұмылдырылған: бір облыстық, 12 аумақтық және 464 учаскелік комиссия. Олардың құрамында 3261 адам жұмыс істейді. Комиссия мүшелерінің 91,01%-ының сайлау науқандарын өткізу тәжірибесі бар.

Барлық сайлау учаскелері қажетті материалдық-техникалық құралдармен толық қамтамасыз етілген. Ашық учаскелерде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың кедергісіз дауыс беруіне жағдай жасалған. Өңірде ерекше жағдайларды қажет ететін 2194 сайлаушы бар.

Тұрғындардың белсенділігі таңғы сағаттардан-ақ байқалды. Алғашқылардың қатарында жастар мен зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері және көпбалалы отбасылар дауыс берді.

Айта кетейік, дауыс беру штаттық режимде, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес өтіп жатыр. Сайлау барысын байқаушылар бақылауда. №65 сайлау учаскесінің төрайымы Назигүл Ғазизованың айтуынша, учаскеде дауыс беруге барлық қажетті жағдай жасалған, заң бұзушылықтар тіркелмеген.

«№65 сайлау учаскесінде дауыс беру барлық белгіленген талаптарды сақтай отырып, штаттық режимде өтіп жатыр. Учаске уақытында ашылды, комиссияның жұмысы заңнамаға сәйкес ұйымдастырылған. Сайлаушылар әлі де келіп, өз таңдауларын жасап жатыр», – деді Назигүл Ғазизова.

Тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында бүгін Семей қаласындағы барлық қоғамдық көлік бағыттарында жол жүру тегін ұйымдастырылған.

Сондай-ақ сайлау учаскесінің мекенжайын арнайы @vote_abai_bot Telegram-боты арқылы білуге болады.

Жалпы республика бойынша сағат 10:00-дегі жағдайға сәйкес сайлаушылардың 17,96%-ы дауыс берген.

Дауыс беру жалғасуда.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив