Cемей28°С
Ауа-райы
  • Абай22°С
  • Аягөз21°С
  • Ақсуат20°С
  • Бородулиха20°С
  • Қалбатау19°С
  • Курчатов23°С
  • Көкпекті20°С
  • Үржар21°С
456.88 534.64 5.47

«Нағыз инклюзивті сайлау»: Пәкістанның Бас сайлау комиссары Құрылтай сайлауына жоғары баға берді

Бүгін, 12:00 Думан Кенжеғазыұлы

Қазақстандағы алғашқы Құрылтай сайлауын бақылауға келген халықаралық байқаушылар дауыс беру процесінің ұйымдастырылуына ерекше назар аударып отыр. Солардың қатарында Пәкістанның Бас сайлау комиссары Сикандар Сұлтан Раджа да бар.

Шетелдік байқаушы Астана қаласындағы №228 сайлау учаскесінде болып, дауыс беру барысымен танысты. Ол сайлау учаскесіндегі тәртіп пен ұйымдастыру деңгейін жоғары бағалады.

Сикандар Сұлтан Раджаның айтуынша, бақылау барысында сайлау процесіне қатысушылардың өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарайтыны байқалған.

«Біз жаңа ғана сайлау учаскесінде болдық. Ондағы тәртіп пен ұйымдастыру деңгейі бізге өте жақсы әсер қалдырды. Сонымен қатар халықаралық байқаушылардың бұл процеске үлкен қызығушылық танытып отырғанын көрдік», – деді ол.

Пәкістанның Бас сайлау комиссары халықаралық байқаушылардың Қазақстандағы сайлау процесіне қызығушылығы жоғары екенін атап өтті. Оның пікірінше, түрлі мемлекеттердің өкілдері үшін бұл – тәжірибе алмасуға және сайлауды ұйымдастырудың жаңа тәсілдерімен танысуға мүмкіндік беретін маңызды алаң.

Шетелдік байқаушы Қазақстанның сайлау жүйесінде қолданылып жатқан цифрлық шешімдерге де оң баға берді. Ол Орталық сайлау комиссиясының цифрлық жобаларымен танысып, бірқатар бастаманы халықаралық тәжірибе тұрғысынан құнды деп бағалаған.

«Біз Орталық сайлау комиссиясының цифрлық технологияларды енгізу бағытындағы жұмыстарымен таныстық. Бұл біз үшін де пайдалы болды. Көптеген бастамаларды озық тәжірибе ретінде қарастыруға болады. Біз бұл жерден көп нәрсе үйрендік», – деді Сикандар Сұлтан Раджа.

Қазақстанда сайлаушыларға қажетті ақпаратты жылдам алуға және дауыс беру процесін ұйымдастыруды жеңілдетуге бағытталған бірқатар цифрлық сервис іске қосылған. Соның бірі – азаматтарға өздерінің қай сайлау учаскесінде тіркелгенін онлайн тексеруге мүмкіндік беретін сервис.

Сөз соңында Пәкістанның Бас сайлау комиссары Құрылтай сайлауының елдің саяси дамуы үшін маңыздылығына тоқталды. Оның пікірінше, жаңа сайлау жүйесі қоғамның кең топтарының өкілдігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Мен бұл сайлауға жоғары баға беремін. Өйткені осы сайлау арқылы жалпы сайлаушылардың өкілдері тікелей сайланады. Менің ойымша, бұл елдің одан әрі дамуына және мемлекеттің нығаюына ықпал етеді. Себебі бұл – қоғамның кең топтарының қатысуын қамтамасыз ететін неғұрлым инклюзивті сайлау болады», – деді Пәкістан Бас сайлау комиссары.

Айта кетейік, бұл сайлау Қазақстанның жаңа бір палаталы заң шығарушы органы – Құрылтайды қалыптастыруға бағытталған. Сайлау науқаны аясында барлығы 145 депутатты сайлау көзделген.

Сондықтан халықаралық байқаушылар үшін бұл науқанның маңызы дауыс беру процесін бақылаумен ғана шектелмейді. Олар жаңа саяси институттың қалыптасу барысын, заманауи сайлау технологияларының қолданылуын және азаматтардың саяси үдеріске қатысу белсенділігін де бағалап отыр.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив