«Қазіргі уақытқа дейін ешқандай заң бұзушылық байқаған жоқпыз» – ШЫҰ байқаушылары
Қазақстанда алғашқы Құрылтай сайлауы қалыпты әрі ұйымдасқан түрде өтіп жатыр. Бұл туралы елордадағы Халықаралық байқаушыларға жәрдемдесу орталығында өткен баспасөз мәслихатында Шанхай ынтымақтастық ұйымы миссиясының өкілі, ШЫҰ Бас хатшысының орынбасары Т.Р. Мидхун мәлімдеді.
Оның айтуынша, ШЫҰ өкілдері Қазақстан Республикасының Құрылтайына депутаттарды сайлауға дайындық пен дауыс беру процесін халықаралық деңгейде бақылауға белсенді қатысып жатыр.
ШЫҰ миссиясының өкілдері Қазақстанға 20 тамызда келіп, сайлау алдындағы дайындық барысын бағалау мақсатында бірқатар сайлау учаскелерінде болды. Ал дауыс беру күні миссия мүшелері таңертеңнен бастап бақылау жұмысына кіріскен.
«Бүгін таңертеңгі сағат 6:30-дан бастап біздің топ Астананың түрлі аудандарындағы бірнеше сайлау учаскесін аралады. Қазіргі уақытқа дейін біз ешқандай заң бұзу дерегін байқаған жоқпыз және ешқандай шағым түскен жоқ. Дегенмен, процестің әлі де жалғасып жатқанын атап өткім келеді. Біздің команда сайлау процесін байқауды жалғастырады, сондықтан ертең осы жұмысты қорытындылаймыз. Қазіргі уақытта күрделі мәселелер болған жоқ. Меніңше, бәрі ойдағыдай өтіп жатыр», – деді Т.Р. Мидхун.
ШЫҰ миссиясы құрамында ұйымға мүше алты мемлекеттен 17 халықаралық байқаушы аккредиттелген. Олардың қатарында ШЫҰ-ға мүше елдердің заң шығарушы, атқарушы және сайлау органдарының өкілдері, Қазақстандағы дипломатиялық өкілдіктердің қызметкерлері және ШЫҰ Хатшылығының лауазымды тұлғалары бар.
Миссия мүшелері сайлау учаскелері ашылған сәттен бастап дауыс беру процесін бақылауға кірісті. Байқаушылар сайлауды ұйымдастыру деңгейін, сайлаушылар үшін жасалған жағдайларды, сондай-ақ учаскелік сайлау комиссияларының жұмысын зерделеп жатыр.
ШЫҰ өкілдері Астана қаласы мен Ақмола облысындағы бірқатар сайлау учаскелеріне барып, дауыс беру процесінің өту барысын тікелей бақылаған.
«Миссия мүшелері дауыс беру учаскелерін еркін аралап, бақылау бағыттарын өз бетінше айқындауда. Біздің жұмысымыз үшін қажетті жағдайлар жасалған», – деді Т.Р. Мидхун.
Осылайша, ШЫҰ халықаралық байқаушылар миссиясы Қазақстандағы алғашқы Құрылтай сайлауының ұйымдастырылу барысын оң бағалап, бақылау жұмыстары басталған уақыттан бері заң бұзушылықтар мен күрделі мәселелер тіркелмегенін атап өтті.