Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының бақылаушылары: Құрылтай сайлауы жоғары деңгейде өтіп жатыр
Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының (ТМПА) халықаралық бақылаушылары Алматы қаласындағы алты сайлау учаскесіне барып, Құрылтай депутаттарын сайлау барысын бақылады. Миссия өкілдері дауыс беру үдерісінің ашықтығын, азаматтардың белсенділігін, сайлау комиссиялары мүшелерінің дайындығын және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға жасалған жағдайды жоғары бағалады.
Бақылаушылар барған сайлау учаскелерінің ешқайсысында заң бұзушылық тіркелмеген.
Алматыда жұмыс істеген халықаралық бақылаушылар тобының құрамына Түркия, Әзербайжан және Қырғызстан парламенттерінің өкілдері кірді. Атап айтқанда, ТМПА-ның Құқықтық мәселелер және халықаралық қатынастар жөніндегі комиссиясының мүшесі, Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің депутаты Филиз Кылыч, ТМПА-ның Білім, мәдениет, әлеуметтік және гуманитарлық мәселелер жөніндегі комиссиясының мүшесі, Әзербайжан Милли Мәжілісінің депутаты Хикмет Мамедов, ТМПА-ның аталған комиссиясы төрағасының міндетін атқарушы, Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің депутаты Ұлықбек Карыбек уулу және ТМПА Бас хатшысының орынбасары міндетін атқарушы Бектур Базакечев болды.
Филиз Кылыч сайлау учаскелеріндегі ұйымдастыру деңгейіне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, учаскелерде тыныш әрі қолайлы жағдай қалыптасқан, ал сайлау комиссияларының мүшелері өз міндеттерін жоғары деңгейде меңгерген.
«Сайлау учаскелері өте жақсы дайындалған. Әсіресе көру қабілеті бұзылған және мүгедектігі бар басқа да адамдар үшін барлық қажетті жағдай жасалғаны көрініп тұр. Жауапты тұлғалар сайлауды ұйымдастыру мәселесін жақсы біледі екен, жоғары деңгейде дайындалған», – деді Филиз Кылыч.
Түркия өкілі Қазақстандағы инклюзивті сайлау өткізу тәжірибесінің назар аударуға тұрарлық екенін атап өтті. Сонымен қатар ол Құрылтай сайлауын Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл түркі әлемі үшін маңызды тарихи оқиға деп бағалады.
«Бұл сайлау қазақ халқына, Қазақстан Республикасына және бүкіл түркі әлеміне игілік әкелсін деп тілеймін. Бауырлас Қазақстанмен ынтымақтастығымыз одан әрі нығая түседі деп үміттенемін», – деді ол.
Өз кезегінде Әзербайжан Милли Мәжілісінің депутаты Хикмет Мамедов сайлауға жеті саяси партияның қатысуы елдегі саяси бәсекелестіктің бар екенін көрсететінін атап өтті.
«Сайлауға жеті партияның қатысуының өзі – демократия. Бұл – демократия мерекесі, өйткені мұнда жеті түрлі пікір, жеті түрлі дүниетаным мен жеті түрлі саяси көзқарас ұсынылған», – деді Хикмет Мамедов.
Ол Құрылтай дәстүрінің түркі халықтарының тарихи мұрасымен сабақтас екенін айтып, Қазақстанның қоғамдық диалогтың осы формасын жаңғыртып отырғанын оң бағалады.
«Құрылтай дәстүрі барлық түркі халықтарына тарихи тұрғыдан жақын. Біздің ата-бабаларымыз маңызды мемлекеттік шешімдерді дәл осындай жиындарда қабылдаған. Сондықтан Қазақстанның бұл қоғамдық диалог формасын қайта жаңғыртып жатқанына қуаныштымыз. Бұл – исі түркіге ортақ тарихи мұра», – деді ол.
Айта кетейік, дауыс беру күніне дейін ТМПА миссиясының өкілдері саяси партиялармен кездесіп, сайлау науқанының барысын талқылаған. Бақылаушылардың айтуынша, кездесулер барысында сайлауға кедергі келтіретін жағдайлар байқалмаған.
Қырғызстан Жогорку Кенешінің депутаты Ұлықбек Карыбек уулу бақылаушылардың Алматыдағы алты сайлау учаскесіне барғанын жеткізді. Оның айтуынша, дауыс беру процесі ұлттық заңнама мен демократиялық стандарттарға сәйкес ұйымдастырылған.
Бақылаушылар дауыс беру құпиясының сақталуына, сайлау комиссиялары жұмысының ашықтығына және азаматтардың белсенділігіне назар аударды. Учаскелерде әртүрлі жастағы сайлаушылар, соның ішінде жастар мен аға буын өкілдері дауыс беріп жатқанын атап өтті.
ТМПА Бас хатшысының орынбасары міндетін атқарушы Бектур Базакечев миссия өкілдерінің Алматы қаласының аумақтық сайлау комиссиясымен, саяси партиялармен және сайлау процесінің басқа да қатысушыларымен кездесулер өткізгенін айтты.
«Сайлаушының учаскеге келуінен бастап бюллетеньді жәшікке салуына дейінгі бүкіл үдерістің ашық, жария әрі ешқандай қысымсыз өтіп жатқанын көрдік», – деді ол.
Халықаралық бақылаушылардың жұмысы дауыс беру аяқталып, бюллетеньдер толық саналғанға дейін жалғасады. Осыдан кейін ТМПА миссиясы бақылау нәтижелері бойынша қорытынды есебін ұсынады.
23 тамыздағы сайлау – жаңа бір палаталы Құрылтай депутаттарын сайлау жөніндегі алғашқы сайлау. Оның құрамына бірыңғай жалпыұлттық сайлау округі бойынша партиялық тізімдермен сайланатын 145 депутат кіреді. Депутаттық мандат үшін жеті саяси партия бақ сынауда.