«Бәрі заңнама аясында өтіп жатыр»: Беларусь ОСК төрағасы Қазақстандағы сайлауды жоғары бағалады
Қазақстанға халықаралық байқаушы ретінде келген Беларусь Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Игорь Карпенко еліміздегі Құрылтай сайлауының ұйымдастырылу барысына оң баға берді.
Халықаралық байқаушы сайлау учаскелеріндегі жұмыстармен танысып, оннан астам сайлау комиссиясының қызметін бақылаған. Сонымен қатар ол халықаралық байқаушылармен, учаскелік комиссия мүшелерімен әңгімелесіп, сайлауға дайындық деңгейін бағалады.
Игорь Карпенконың пікірінше, Қазақстандағы саяси және сайлау жүйесінде жүргізіліп жатқан өзгерістерге ең алдымен ел азаматтарының өздері баға беруі керек.
«Қалай болғанда да, реформаларға халық баға береді деп ойлаймын. Өйткені Қазақстан бұл реформаларды өз мемлекеті мен қоғамының мүддесі жолында жүргізіп жатыр», – деді Беларусь ОСК төрағасы.
Игорь Карпенко бұған дейін де Қазақстандағы маңызды саяси науқандар мен республикалық референдумдарға халықаралық байқаушы ретінде қатысқанын атап өтті. Ал бұл жолғы сапары оған Қазақстанның жаңа заң шығарушы органы – Құрылтайдың қалай қалыптасып жатқанын тікелей бақылауға мүмкіндік беріп отыр.
Халықаралық байқаушының ерекше назарын Қазақстан Орталық сайлау комиссиясының сайлауға дайындығы аударған. Оның айтуынша, сайлау процесін ұйымдастырушыларды оқытуға және азаматтарды ақпараттандыруға айрықша көңіл бөлінген.
«Сайлау барысының жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын көріп отырмыз. Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы ауқымды дайындық жұмыстарын жүргізген», – деді Игорь Карпенко.
Оның айтуынша, сайлаушыларға дауыс беру тәртібі, сайлау учаскелерінің орналасқан жері және сайлауға қатысатын саяси партиялар туралы алдын ала қажетті ақпарат берілген. Сонымен қатар Беларусь өкілі жергілікті сайлау комиссиялары мүшелерінің кәсіби даярлығына жоғары баға берді.
Игорь Карпенко халықаралық байқау тек сайлаудың ұйымдастырылу деңгейін бағалауға ғана емес, түрлі мемлекеттердің тәжірибесімен алмасуға да мүмкіндік беретінін атап өтті.
Осы ретте Беларусь делегациясының назарын Қазақстандағы сайлау учаскелерінде жұмыс істеп жүрген еріктілердің қызметі ерекше аударған.
«Сайлау учаскелеріндегі еріктілер жұмысының тәжірибесі өте қызықты болып отыр. Өйткені мұндай тәжірибе біздің елде де бар. Бүгінде біз «электоралдық волонтер» ұғымын заңнамалық тұрғыда бекіту міндетін қойдық», – деді ол.
Беларусь Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қазақстандағы сайлау процесін бақылау барысында дауыс берудің ұйымдастырылуы қолданыстағы заңнама талаптарына сай жүзеге асып жатқанын атап өтті.
Сөз соңында Игорь Карпенко Қазақстан халқына амандық пен елдің одан әрі өркендеуін тілеп, Құрылтай сайлауы мемлекеттің дамуына, қоғамдық тұрақтылықтың нығаюына және халықтың әл-ауқатының артуына оң ықпал ететініне сенім білдірді.