Cемей28°С
Ауа-райы
  • Абай22°С
  • Аягөз21°С
  • Ақсуат20°С
  • Бородулиха20°С
  • Қалбатау19°С
  • Курчатов23°С
  • Көкпекті20°С
  • Үржар21°С
456.88 534.64 5.47

Ресей ОСК төрайымы: «Бұл – жаңа Конституцияға сәйкес өтіп жатқан Құрылтайдың алғашқы сайлауы»

Бүгін, 13:31 018.kz

Бүгін, 23 тамызда, Қазақстанда жаңа бір палаталы Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы өтуде. Дауыс беру барысын қазақстандық және шетелдік халықаралық байқаушылар бақылап жатыр. Сайлау процесімен танысу үшін Астанадағы №282 сайлау учаскесіне Ресей Федерациясы Орталық сайлау комиссиясының төрайымы Элла Памфилова барды.

Элла Памфилова сайлау учаскесіндегі дауыс беру барысымен танысып, комиссия мүшелерінің жұмысын және сайлаушыларға жасалған жағдайларды бағалады. Оның айтуынша, Ресей Орталық сайлау комиссиясының өкілдері бұған дейін де Қазақстандағы сайлау науқандарына тұрақты түрде халықаралық бақылаушы ретінде қатысып келген. Алайда ОСК төрайымы ретінде Қазақстанға сайлауды бақылау үшін бұл оның алғашқы сапары.

«Қазақстандағы әр сайлауға Ресейден міндетті түрде менің әріптестерім келеді. Ал мен Орталық сайлау комиссиясының төрайымы ретінде алғаш рет келіп отырмын. Мен әріптесіме міндетті түрде келемін деп уәде берген едім. Өйткені бұл сайлаудың қаншалықты маңызды екенін түсінемін. Бұл – жаңа Конституцияға сәйкес өтіп жатқан Құрылтайдың алғашқы сайлауы», – деді Элла Памфилова.

Оның айтуынша, Қазақстан мен Ресейдің сайлау органдары арасында тығыз ынтымақтастық қалыптасқан. Екі елдің мамандары сайлау өткізу тәжірибесімен тұрақты түрде алмасып, бір-бірінің сайлау науқандарына бақылаушы ретінде қатысып келеді.

Элла Памфилова Қазақстандағы бірнеше сайлау учаскесін аралап, олардың белгіленген уақытта ашылғанын және комиссия мүшелерінің жұмысқа жоғары деңгейде дайындалғанын атап өтті.

«Бүгін біз бірнеше сайлау учаскесіне де бардық. Олардың барлығы уақытында ашылды. Комиссия мүшелерінің дайындығы өте жақсы. Оларды оқыту бойынша үлкен жұмыс жүргізілгені көрініп тұр. Әрқайсысы өз міндетін жақсы біледі, сайлаушыларға өте мұқият әрі сыпайы қарым-қатынас жасайды. Дауыс беру құпиясы қамтамасыз етілген. Ұйымдастыру деңгейі өте жоғары», – деді Ресей ОСК төрайымы.

Сонымен қатар Элла Памфилова Қазақстандағы сайлау процесінде Ресей тәжірибесінде қолдануға болатын бірқатар тиімді шешімдерге назар аударғанын айтты.

Атап айтқанда, ол сайлаушы бюллетень алған кезде сайлаушылар тізіміндегі басқа азаматтардың жеке деректерін көруге мүмкіндік бермейтін арнайы трафареттерді атап өтті. Оның пікірінше, бұл азаматтардың жеке мәліметтерінің құпиялылығын қамтамасыз ететін тиімді тәсіл.

«Маған жеке деректердің толық құпиялылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін трафареттер өте ұнады. Сайлаушылар бюллетень алған кезде қол қойған уақытта тізімнен тек өз деректерін ғана көреді. Бұл – өте жақсы шешім. Менің ойымша, біз де осы тәжірибені қолданамыз. Сонымен қатар назарымызға алған басқа да тұстар бар», – деді Элла Памфилова.

Ресей ОСК төрайымы Қазақстанға сапары барысында өзге мемлекеттердің сайлау органдарының өкілдерімен де кездесіп, тәжірибе алмасқанын жеткізді. Оның айтуынша, Қазақстандағы Құрылтай сайлауын бақылауға 22 елдің өкілдері келген.

Элла Памфилова мұндай халықаралық кездесулердің маңызын атап өтіп, әр мемлекетке сайлау өткізу саласындағы тиімді тәжірибелермен танысып, өз елдерінде қолдануға болатын жаңа тәсілдерді зерделеуге мүмкіндік беретінін айтты.

Сөз соңында Ресей Орталық сайлау комиссиясының төрайымы Қазақстандағы дауыс беру күнінің сәтті өтуіне тілектестік білдіріп, сайлау процесінің ұйымдастырылу деңгейіне оң бағасын берді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив