Ұлттық дәстүр ұлықталған сайлау учаскесі
Бесқарағай ауданындағы №258 сайлау учаскесінде сайлау күні ұлттық құндылықтарды дәріптеген ерекше шара ұйымдастырылды. Учаскеге дауыс беруге келген тұрғындар қазақ халқының ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан тағылымды дәстүрлерінің бірі – тұсаукесер рәсімінің куәсі болды.
Көпшілік алдында бүлдіршіннің тұсауы кесіліп, ақ тілектер айтылды. Жиналған қауым сәбиге ақ жол тілеп, алғашқы қадамы нық, болашағы жарқын болсын деген ізгі ниеттерін білдіріп, батасын берді.
«Тұсаукесер» – халқымыздың балаға ақ жол тілеп, оның өмір жолының сәтті басталуын ырымдайтын тәрбиелік мәні зор дәстүрлерінің бірі. Сайлау күні осы салттың орындалуы ел өміріндегі маңызды қоғамдық оқиғаны ұлттық құндылықтармен сабақтастыра түсті.
Тағылымды шара сайлау учаскесіндегі мерекелік көңіл күйді одан әрі арттырып, тұрғындарға ерекше әсер сыйлады. Дауыс беруге келген азаматтар ұлттық дәстүрдің жаңғыруына куә болып, бүлдіршінге ақжолтай тілектерін білдірді.
Осылайша, №258 сайлау учаскесінде ел таңдауы мен ұлттық дәстүр сабақтасқан ерекше сәт көпшіліктің есінде қалды.





