Абай облысында сайлау учаскелері жабылып, дауыстарды санау басталды
Абай облысында Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарын сайлау бойынша дауыс беру кезеңі аяқталды. Сағат 20:00-де өңірдегі сайлау учаскелері өз жұмысын тоқтатып, учаскелік сайлау комиссиялары дауыстарды санауға кірісті.
Дауыс беру күні облыс тұрғындары өз таңдауын жасап, сайлау учаскелеріне келіп, азаматтық ұстанымдарын білдірді. Сайлау учаскелері таңғы сағат 07:00-ден кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істеді.
Дауыс беру аяқталғаннан кейін комиссия мүшелері сайлау бюллетеньдерін санау, сайлау құжаттарын тексеру және дауыс беру нәтижелерін хаттамаға енгізу жұмыстарын жүргізуде.
Қазіргі уақытта учаскелерде дауыстарды санау барысы жалғасып жатыр. Комиссиялар барлық бюллетеньдерді белгіленген тәртіппен қарап, әрбір кандидат бойынша берілген дауыстардың санын анықтайды. Рәсім аяқталған соң учаскелік комиссиялардың хаттамалары тиісті аумақтық сайлау комиссияларына жолданады.
Айта кетейік, сағат 18:00-дегі мәлімет бойынша Абай облысында сайлаушылардың 77,54 пайызы дауыс беруге қатысты. Бұл көрсеткіш өңір тұрғындарының сайлау процесіне белсенді қатысқанын көрсетеді.
Енді сайлау науқанының келесі кезеңі – дауыс беру нәтижелерін қорытындылау. Алдын ала және түпкілікті нәтижелер барлық сайлау учаскелерінен мәліметтер келіп, заңнамада көзделген рәсімдер толық аяқталғаннан кейін белгілі болады.