Сайлау нәтижесіне ықпал ететін заң бұзушылық тіркелмеді – ТМҰ бақылаушылары
Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) халықаралық бақылаушылар миссиясы Қазақстандағы Құрылтай депутаттарының сайлауына жоғары баға берді. Миссия қорытындысына сәйкес, дауыс беру Қазақстан заңнамасы мен халықаралық талаптарға сай, ашық әрі ұйымдасқан түрде өткен.
Бұл туралы Халықаралық бақылаушыларға қолдау көрсету орталығындағы брифингте ТМҰ делегациясының басшысы, ұйым Бас хатшысының орынбасары Нуру Гулиев мәлімдеді.
Бақылаушылар Қазақстанда жаңа бір палаталы заң шығарушы орган – Құрылтайдың жасақталуы мен оның алғашқы сайлауын саяси институттарды жетілдіру жолындағы маңызды қадам ретінде бағалады. Олардың пікірінше, сайлау азаматтардың қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласуына мүмкіндік беріп, жаңа өкілді органға деген сенімді арттыра алады.
Сайлау күні миссия мүшелері екі топқа бөлініп, Астанадағы №194 және №228 сайлау учаскелерінің ашылуын бақылаған. Жалпы, бақылаушылар 33 сайлау учаскесін аралады. Олар барған учаскелерде мемлекеттік және құқық қорғау органдарының сайлау процесіне араласқанын байқамаған.
ТМҰ өкілдері азаматтардың еркін дауыс беруіне барлық жағдай жасалғанын атап өтті. Сонымен қатар Астанадағы №129 сайлау учаскесінің жабылуы мен дауыстарды санау барысы да бақыланды. Бюллетеньдер заңда белгіленген тәртіппен саналып, дауыс беру қорытындысы жарияланған.
«Миссия сайлау қорытындысына ықпал ететін заң бұзушылықтарды анықтаған жоқ. Біз барған учаскелерде қоғамдық тәртіп толық сақталды», – деді Нуру Гулиев.
Бақылаушылардың айтуынша, сайлау комиссиялары халықаралық және жергілікті байқаушыларға учаскелерді еркін аралап, дауыс беру процесін кедергісіз бақылауға мүмкіндік берген. Сондай-ақ сайлау учаскелерінде заңға қайшы үгіт-насихат материалдары мен сайлаушылардың таңдауына ықпал ету әрекеттері тіркелмеген.
Қорытындысында ТМҰ халықаралық бақылаушылар миссиясы Қазақстандағы Құрылтай депутаттарының сайлауы ел заңнамасы мен халықаралық талаптарға сәйкес өткенін атап өтті. Миссия Қазақстан халқын сайлаудың сәтті өтуімен құттықтап, оның елдегі тұрақтылық пен өркендеуге және түркі әлеміндегі бауырластық байланысты нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.