Cемей24°С
Ауа-райы
  • Абай22°С
  • Аягөз21°С
  • Ақсуат20°С
  • Бородулиха20°С
  • Қалбатау19°С
  • Курчатов23°С
  • Көкпекті20°С
  • Үржар21°С
456.88 534.64 5.47

ЕҚЫҰ-ның ДИАҚБ байқаушылары Қазақстандағы сайлаудың ұйымдастырылуына жоғары баға берді

Бүгін, 17:04 018.kz

Бүгін Астанада Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының (ЕҚЫҰ/ДИАҚБ) сайлауды бақылау жөніндегі халықаралық миссиясының баспасөз конференциясы өтті. Жиын барысында халықаралық байқаушылар Қазақстандағы сайлаудың ұйымдастырылуына жоғары баға берді.

ЕҚЫҰ/ДИАҚБ бақылаушылары сайлауға техникалық дайындықтың кәсіби әрі уақытылы жүргізілгенін, сайлау комиссиялары мүшелерінің даярлығын және азаматтарға қажетті ақпараттың кеңінен таратылғанын атап өтті.

Миссия Орталық сайлау комиссиясының сайлауға техникалық дайындықты заңда белгіленген мерзімде аяқтағанын оң бағалады. Сонымен қатар комиссия мүшелерін оқытуға бағытталған жалпыұлттық каскадты бағдарламаның тиімділігіне назар аударды.

Бақылаушылардың айтуынша, Орталық сайлау комиссиясы сайлаушыларды ақпараттандыруға, сайлау учаскелерінің қолжетімділігін қамтамасыз етуге және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дауыс беруіне жағдай жасауға айтарлықтай күш салған.

ОСК жұмысының ашықтығы да оң бағаланды. Комиссия отырыстары тұрақты өткізіліп, қазақ және орыс тілдерінде тікелей эфирде көрсетілген. Сонымен қатар сурдоаударма қамтамасыз етіліп, қабылданған шешімдер ОСК сайтында уақытылы жарияланып отырған.

Халықаралық байқаушылар сайлау күнінің де бірқалыпты әрі ұйымдасқан түрде өткенін атап өтті. Олар барған сайлау учаскелерінің ашылуы мен дауыс беру барысына жалпы оң баға берген.

ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясының бағалауынша, сайлаудың техникалық ұйымдастырылуы жүйелі түрде жүргізілген. Бұл сайлау комиссиялары мүшелерін даярлау, азаматтарды ақпараттандыру, шешімдердің ашықтығы және барлық азаматтарға дауыс беруге қолайлы жағдай жасау бағыттарынан көрінді.

Сөз соңында миссия өкілдері сайлаудың кәсіби деңгейде ұйымдастырылғанын және заңда белгіленген мерзімдердің сақталғанын атап өтті.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив