Байқау, ашық деректер және партияларды қаржыландыру: ДИАҚБ сайлау қорытындысында нені атап өтті?
ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы (ДИАҚБ) Қазақстандағы Құрылтай сайлауын бақылау қорытындысында сайлау рәсімдерінің ашықтығына, ұлттық және халықаралық байқаушылардың жұмыс істеуіне жасалған жағдайға оң баға берді.
Миссия мүшелері Қазақстан заңнамасында ұлттық және халықаралық байқаушылардың сайлауды бақылауына мүмкіндік қарастырылғанын атап өтті. Дауыс беру күні бірқатар ұйымның өкілдері сайлау барысын бақылап, оның ашықтығын қамтамасыз етуге үлес қосты.
Орталық сайлау комиссиясының жұмысы да ашықтық тұрғысынан оң бағаланды. ОСК отырыстары тұрақты түрде ашық өткізіліп, тікелей эфирде көрсетілді. Қабылданған шешімдер ресми сайтта жедел жарияланып отырды. Сонымен қатар сайлау заңнамасы, соңғы енгізілген өзгерістер мен заңға тәуелді нормативтік актілер ашық қолжетімді болды.
Сайлау науқанын қаржыландыру туралы ақпараттың жариялануы да маңызды тетік ретінде атап өтілді. ОСК талаптарына сәйкес, саяси партиялардың сайлау науқанын қаржыландыруы туралы мәліметтер дауыс беру күніне дейін екі рет жарияланған.
Миссия саяси партиялардың қоғамдық коммуникацияға белсенді қатысқанын да атап өтті. Партиялардың сайлауалды тұғырнамаларында әлеуметтік және экономикалық мәселелердің кең ауқымы қамтылды. Сайлауалды науқан жалпы алғанда тыныш әрі ұйымдасқан жағдайда өткен. Үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге әкімшілік кедергілер болғаны туралы расталған ақпарат миссияға түспеген.
Сонымен қатар ДИАҚБ өкілдері Парламенттің жаңа моделіне қатысты саяси партиялардың пікірлерін де зерделеген. Миссия сұхбаттасқан партия өкілдерінің бір бөлігі жаңа бір палаталы Құрылтайдағы партиялық мандаттардың күшеюі заң шығару процесінің сапасын арттыруы мүмкін екенін айтқан.
Жалпы, ДИАҚБ бағалауы сайлау процесінің ашықтығын қамтамасыз ететін бірнеше негізгі тетікті көрсетті. Олардың қатарында ОСК жұмысының жариялылығы, заңнама мен шешімдердің қолжетімділігі, сайлау науқанын қаржыландыру туралы ақпараттың жариялануы және ұлттық әрі халықаралық байқаушылардың қатысуы бар.
Айта кетейік, биылғы сайлауды 42 ел мен 13 халықаралық ұйымнан 777 халықаралық байқаушы бақылады. Олардың қатарында ТМД, ҰҚШҰ, ШЫҰ, ЕҚЫҰ/ДИАҚБ, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы, Еуропа Кеңесі және Түркі академиясының миссиялары болды.
Сонымен қатар сайлауды бақылауға отандық ұйымдардан 80 мыңға жуық байқаушы тартылды. Жалпы Орталық және аумақтық сайлау комиссиялары 258 ұйымды аккредиттеді.